Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов Қостанай облысына барды. Ол жергілікті халықты кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясының Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық елді мекендерін дамыту мәселелеріне қатысты негізгі ұстынымдары туралы айтып берді.
Кандидаттың сенімді өкілі Қайрат Айтуғанов Қостанай ауданының Заречный кентінде орналасқан «Тарра» шаруа қожалығының қызметкерлерімен кездесті. Шаруашылық басшысы Владимир Семейкин «Тэрра» тауарлық және тұқымдық картоп, сондай-ақ қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз тәрізді көкөністер өндірумен айналысатынын айтты. Көкөністерді өндірудің тұқым отырғызудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі барлық үдерісі механикаландырылған, автоматтандырылған, мамандар бақылауымен жүзеге асырылады және жаңа технологиялардың барлық талабына жауап береді.
Бұдан кейін Қайрат Айтуғанов облыс фермерлерімен кездесу өткізді. Кездесуде ол ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа мемлекеттік аграрлық саясатты әзірлеу қажет екеніне тоқталды. Оны агроөнеркәсіптік кешенді және ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2070 жылға дейінгі ұзақ мерзімді ұлттық стратегиясын әзірлеу және қабылдау арқылы жасауға болатынына және оның төрт негізгі бағытты қамтуы тиіс екеніне назар аударды.
«АӨК – ті дамытудың Ұлттық стратегиясына бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сервистік-тұтыну кооперациясын ынталандыру негізінде ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымын құру, екінші кезекте, түпкілікті нәтижеге бағытталған субсидиялау жүйесінен бастап ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау қажет. Үшінші, фермерлерді салықтың барлық түрлерінен және ең бастысы, бүкіл тізбек бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оны қайта өңдеу, азық-түлік тауарларын сату, экспорт және импорт тәрізді азық-түлік тауарларының айналымына қосылған құн салығынан босату керек. Төртінші бағыт - ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын – жолмен, сумен және электрмен жабдықтау, газдандыру, интернет, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілері және т. б.жаңғырту қажет», - дедісенімді өкіл.
Кездесу соңында Қайрат Айтуғанов фермерлермен пікір алмасып, кандидат Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы сұрақтарына жауап берді.