Kyzylorda-news.kz. Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының 16 күнінде алты өңірде болды. Атап айтсақ, Астанада, Қарағанды облысында, Ақмола облысында, Түркістан облысында, Шымкент және Алматы қалаларында халықтың түрлі топтарымен кездесулер өткізді.
16 күн ішінде штаб ұжымы қазақстандықтарды кандидаттың сайлауалды бағдарламасы мен жоспарларымен таныстыру үшін өте көп жұмыс істеді.
Салтанат Тұрсынбекова өзін ел Президенттігіне кандидат етіп ұсынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне сайлау науқанында бүгінге дейін жасалған жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді.
Осы кезеңде штаб ұжымы 7000 шақырым жол жүріп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары нәтижесінде 2 356 000 адам қамтылған.
«Біз осы уақытқа дейін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кандидаттар арасындағы ең аз қаржы сомасын жұмсай отырып, ОСК ақпаратына сәйкес ең үлкен нәтижелі жұмысты атқарыппыз. Бізді қолдаған барлық азаматқа алғысымызды білдіргіміз келеді. Дәл осы қарқынмен әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз. Бізді қолдап, дауыс беретін сайлаушыларымыздың үмітін ақтаймыз деп сенемін», – дейді Салтанат Тұрсынбекова.
3-6 қараша аралығында Салтанат Тұрсынбекова Алматы қаласында түрлі кездесулер өткізіп, тұтынушылардың құқықтарын, зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша азаматтармен, қалалық құқық қорғаушылармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен, сондай-ақ «Родник» дағдарыс орталығының басшысымен кездесті.
Сонымен қатар, үміткер «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алды.