Kyzylorda-news.kz. 2022 жылдың 12 қарашасында ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Ақкөл қаласында сайлаушылармен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында жиналған қауымға сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады. Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, Қазақстан бірқатар саяси реформаларды жүзеге асыруы қажет.
Бірінші кезекте, президенттік биліктен бас тартуымыз керек. Мемлекет басшысы қызметтерінің бір бөлігін мәжіліске беріп, оның қуатты әрі тәуелсіз орган болуына жағдай жасау қажет. Әуесбаевтың пікірінше, мәжіліс үкіметті құруы тиіс.
Реформалар ішінде бюджеттік процедураларды жетілдіру ұсынысы да бар. Әр елдімекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отыруы керек.
Сонымен бірге Нұрлан Әуесбаев заңсыз баюға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Кандидаттың пікірінше, парақорлармен күрестің жалғыз тиімді әдісі осы.