Kyzylorda-news.kz. Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елешов ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты пікір білдірді.
«20- қараша. Таңмен таласа тұрған аудан тұрғындары өздерінің алдын ала белгіленген сайлау учаскелеріне қарай бет түзеді. Барлық сайлау учаскелері ашылғаннан бастап-ақ, бір сәт адамнан арылмады. Әлеуметтік желіде белгілі болғандай тұңғыш дауыс беруші, қарт дауыс беруші, отбасымен келіп дауыс беруші анықталып, арнайы сый- сияпатқа қол жеткізіп жатты. Әрбір екі сағат сайын аудандық сайлау комиссиясы облыс орталығына деректер жолдап, сайлаудың барысы анықталып отырды. Тағы бір айта кететін жайт №53сайлау учаскесінде аудан әкімі Серік Сермағамбетовте дауысын беріп, бюлеттень толтырды. Сондай-ақ,осынау саяси науқанда абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетовте таңдауын жасап,жарқын кезең орнайтынына сенім білдірді. Енді бір сайлау учаскесіне шаңырақ көтерген жас жұбайлар да келіп лайықты тұлғаға дауыс берді», - дейді Абай Елешов.
Жалпы, Арал ауданы қай кездеде тарихи сәттерде қалыс қалған емес. Бұл жолы да солай болды.
«Нақтырақ тоқталсақ, аудан сайлаушылары белсенділігі бойынша алдыңғы қатардан табылды. Республикамыздағы өңірлер бөлінісі есебінше Қызылорда облысының көрсеткіші 81,07 пайызға жетті. Оның ішінде аралдықтардың бар екеніне ешкім шүбә келтірмесі анық. Осымен ел күткен сайлау да аяқталды. Кемел келешек, еңселі ертең, баянды болашақ жолында конституциялық құқын пайдаланып, тарихтың жаңа парағын ашқан, яғни, Әділетті Қазақстан құруға үн қосқан барша Арал халқына риясыз пейілмен алғысымды білдіремін. Ел тыныш,аспанымыз ашық болсын», - дейді бас редактор.