Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Шиелі ауданында жергілікті тұрғын ауылдасының өліміне себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл оқиға Шиелі ауданы Қарғалы ауылына қарасты Бұланбай бауы елді мекенінде орын алды. Аталған оқиға жөнінде аудан әкімдігі әлеуметтік желіде төмендегіше түсінік берді. Бір сыныпта оқыған үш тұрғын қосылып, ішімдік ішкен.
Оның екеуі кейіннен бір-бірімен күресіп, біреуі алған дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Онда абайсызда қазаға ұшырату жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайы анықталуда. Күдікті анықталып, оған қатысты ешқайда кетпеу түріндегі бұлтартпас шарасы қолданылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда күдіктіге және оның қасында болған азаматқа, белгіленбеген уақытта спирт ішімдігін сатқан дүкен сатушысына төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін шара қабылдау мәселесі қаралып жатыр», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.