Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық көршісінің балаларын өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға 3 желтоқсан күні кешке болған. Көп қабатты үйде тұратын отбасының бір айлық және жеті жасар балалары үлкендердің бақылауынсыз қалған. Сол сәтте 7 жастағы бүлдіршін отпен ойнаған. Ол кезде әкесі үлкен баласын мектептен алып қайтуға, аналары дүкеннен нан алуға сыртқа шығып кеткен.
Пәтерден шыққан өртті төменгі қабаттағы көршісі Медет Рахметов алғашқылардың бірі болып байқаған. Ол бірден құтқару қызметіне хабарласып, өзі әрекет жасаған.
«Нәтижесінде ол түтін арасынан бір айлық сәби мен 7 жастағы баланы құтқарып қалды. Жедел жәрдем қызметі балаларды облыстық балалар ауруханасына алып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.