Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 16 ақпанында 19 сағат 59 минутта Қызылорда қаласы Абай даңғылы №36 мекенжайдағы көп қабатты тұрғын үйдің №57 пәтерінде өрт оқиғасы орын алып жатқандығы жөнінде «112 құтқару қызметіне» хабар түскен.
Аталған шақырту бойынша Өрт сөндіру қызметінің 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы шығып, оқиға орнына жедел жетіп, газ түтінінен қорғау буыны барлау жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде 5 қабатты тұрғын үйдің 5 қабатындағы №57 пәтердің көлемі 3×4 болатын жатын бөлмесінде өрт шыққандығы анықталған. Тілсіз жауды оқшаулауға кіріскен өрт сөндірушілердің іс-қимылымен 20 сағат 28 минутта өрт толығымен жойылған.
Сонымен қатар тұрғын үйлерден 47 адам эвакуацияланып, құтқарушылар көмегімен №59 пәтер тұрғыны 1 топ мүгедегін қауіпсіз жерге алып шықты. Қазіргі таңда үй иесі жедел жәрдем көмегімен орталық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.