Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы аумағындағы «Самара – Шымкент» тасжолының бойында жеңіл көлік аударылып, көлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.

Оқыс оқиға Жаңақорған ауданының Бесарық ауылының тұсында болған. Жеңіл көлік Шымкент қаласына бағыт алып бара жатқан.

«Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайлары анықталуда», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шәмшидин Әмитов.

Қызылорда облысының Полиция департаменті өз кезегінде жолдардағы төтенше жағдайларды болдырмау үшін жылдамдық режимі мен ара қашықтықты сақтау қажеттігін ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзу, әсіресе қолайсыз ауа райы мен көктайғақ кезінде елеулі жол-көлік оқиғаларының себебі болуы мүмкін.

Бұдан бұрын Қызылордада жолаушылар автобусы аялдамада адам қағып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: