Қызылорда көпсалалы облыстық ауруханасының дәрігері пара алды деген күдікке ілінді – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда көпсалалы облыстық ауруханасының дәрігері пара алды деген күдікке ілінді

03.02.2020, 17:00

2323 0

Kyzylorda-news.kz. Медицина саласының бірқатар қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін айыпталды, деп хабарлайды Тengrinews.kz

Қызылорда облысында көпсалалы облыстық аурухананың дәрігері азаматтарды «Облыстық білім басқармасы» ММ-нің лауазымды тұлғаларына мұғалім ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін 600 мың теңге, «Жедел медициналық көмек» ММ-нің директорына фельдшер ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін 500 мың теңге пара беруге итермелегені және келесі бір азаматты «Жер қатынастары басқармасы» ММ-не жұмысқа орналастыруға ықпалдасуы үшін алдау жолымен 600 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. 

Биыл қаңтарда еліміздің бірқатар өңірлерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет медицина қызметкерлеріне қатысты жемқорлық жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

«Шымкент қаласында Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының «Облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК бұрынғы бас дәрігері 20 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Шенеунік ғимаратты жөндеу бойынша орындалмаған жұмыстарға ақы төлеп қаражатты ысырап еткен.

Қостанай облысында облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Арқалық қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» КММ бас дәрігерінің 2 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын ұрлауға қатыстылығы тексеріліп жатыр. 

Маңғыстау облысында «Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК басшысының міндетін атқарушыға қатысты бір азаматтан фельдшер болып жұмысқа орналасқаны үшін қомақты мөлшерде пара алды деген күдікпен тергеу басталды.

Сотқа дейінгі тергеулер жалғасады. Күдіктілердің кінәсінің дәрежесі бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.

0

Пікір қалдыру