Kyzylorda-news.kz. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тұрғындарға бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырғанына қарамастан, қала тұрғындары алаяқтардың арбауына көптеп түсуде. Салдарынан, алаяқтар тұрғындарды жұмысқа орналасуға, қайтарымсыз несие алып беруге, пәтер сатып алуға, жүргізуші куәлігін және т.б. осы сияқты уәделерін үйіп-төгіп, ақшаларын жымқырып, қаншама адамдарды сан соқтыруда.
Мәселен, 13 ақпан күні Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны келіп арызданған. Арызданушының айтуынша қыркүйек айында белгісіз азаматша, «қала аудандарының бірінде пәтер алуға көмектесемін» деп сенімге кіріп, 2 миллион 700 мың теңге қаражатын алып, осы күнге дейін түрлі жалған ақпарат беріп алдап келген.
«Басқарманың криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде 30 жастағы облыс тұрғыны анықталып, ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.