Фото: kazgazeta.kz
Kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысын Шамалған ауылындағы Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған жерге кіре алмаған. Оның сөзінше, 15 мың гектар мемлекет жерін қарулы күзетшілермен қоршалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл проблемаға қатысты депутат жеке-жеке тоқталатынын айтқан болатын.
"Жұмыс сапарымен Алматы облысында жүрмін. Қоршауға алынған Үшқоңыр тауынан бастап біраз проблемаға кейінірек жеке-жеке тоқталамын", - дейді Мақсат Толықбай.
Әзірге оқиға орнынан видеоларды қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын.
Депутаттың сөзінше, тауды қарулы адамдар қоршап тастаған.
"Табиғаты керемет жер. Бұл жерде жолды жауып, қоршап тастаған. Қарулы адамдарды қойып тастаған. Ешкімді өткізбейді. Елдер өздерінің жайылым жеріне бара алмай отыр. Мемлекеттік актілері барлар да кіре алмай отыр. Мен кіруім мүмкін, басқаларды кіргізбейді ғой. Мені де кіргізбеуі мүмкін. Бұл жақ жеке мемлекет.
Мен былай топшылап отырмын, бұл жерде Назарбаевтардың резиденциясы бар. Ол ары орналасқан. Бірақ осы жолмен барады. Соған ешкімді жолатпау үшін қоршап тастаған", - дейді депутат.
Мақсат Толықбайдың сөзінше, "Жер аманаты" атты комиссияның аясында 1400 гектар жер қайтарылған.
"Оны халық қолдансын, халық игілігіне малдарын жайсын дедік. Ол жер мемлекетке өтті. Сол жердің өзіне кіре алмай отыр адамдар", - дейді Мақсат Толықбай.