Мәскеуде жоғары білім алып жатқан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Ресей Федерациясында "Болашақ" және "500 ғалым" бағдарламасы бойынша бүгінде 32 қазақстандық азамат білім алуда.
“24 стипендиат Мәскеуде. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Барлық стипендиат байланысқа шықты", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі елшілік жергілікті билікпен және тиісті қызметтермен байланыста екенін айтқан.
“Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының болуы туралы ақпарат түскен жоқ. Қосымша ақпарат келіп түскен сайын хабарлайтын боламыз. Қазір елшілікте 8 (925) 897-71-14 телефоны бойынша жедел желі ашылды", - деді Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Еске салсақ, 22 наурызда Мәскеу облысындағы Crocus City Hall концерт залында теракт болды. Соңғы мәліметтер бойынша 60-тан астам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланды.
Фото: Stan.kz