Фото: Критика Кызылорды инстаграм парақшасы
Kyzylorda-news.kz. Шанхай мөлтек ауданындағы Әшірбеков пен Тұрлығұлов көшелерінің қиылысын, жол жиегін жеке сектор иелері қоқыс полигонына айналдырған.
Жер телімінің меншік иелері тазалықшыларды талай жылдан бері әбігерге салып келеді. Қалтасынан шығын шығып, айыппұл алып көрмеген меншік иелері ҚР-ның Экологиялық кодексінде көрсетілген «күтіп-ұстау, тиісті жағдайда қоршау» секілді жер теліміне қойылатын талаптарды орындамай отыр.
Осы орайда "Қызылорда тазалығы" мекемесінің мобильдік топ мүшесі Бердіхан Үсенов "Бұл жерді күн сайын мұнтаздай етеміз, алайда күндегі көрініс осы. Жер телімінің иелерін іздестіруге де тырыстық. Бірақ, нәтижесіз болды. Көше адамдары қолындағы қоқыстарын осы жерге тастап кете береді екен. Олармен өз бетімізше күресіп те шаршадық. Түн батысымен жер теліміндегі үйіндіге иесіз иттер иелік ететіні тағы бар», - деп құзырлы органдар тарапынан аталған жер иесіне нақты шара көруді талап етті.