Фото: Almaty.tv
Kyzylorda-news.kz. Алматыда ер адам қызғаныштан екі ұлын пышақтап өлтірді. Деректерге сай ол мұндай әрекетке бірнеше жыл бұрын ажырасса да бірге тұрған әйелінен кек алу үшін жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ктк арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Немерелерінен айырылған Валентина Рафаэль мен Ринат небәрі 8 және 12 жаста болғанын жеткізді. Айтуынша, 39 жастағы ер адам ұлдарына бірнеше рет пышақ салып, кейін бұрынғы әйеліне жазба қалдырған.
“Теледидарды қосып, оларды тамақтандырған да өзі үстелге отырып Аленаға үш-төрт парақ хат жазған. Бұдан соң балаларды қуып екеуінің де тамағын кескен. Олар қолдарын қатты құрыстырып қиналып өлген. Әдетте марқұмдардың денесі бос болатын еді. Көршілер балалардың қатты айқайлағанын естіп, полиция шақырған”, – деді Валентина.
Валентинаның айтуынша, әкесі мұның бәрін телефонға түсіріп, жазбаны әпкесі мен бұрынғы әйеліне жіберген. Балаларды өлтіргеннен кейін ер адам бірден өзіне пышақпен қол салған. Алайда тірі қалған. Туыстары бұл отбасыда қақтығыстар үнемі болып тұратынын айтады. Ерлі-зайыптылар тоғыз жыл бұрын ажырасқан, бірақ әжесі мен балаларымен бір пәтерде тұрған. Ер адам бір жылға жуық еш жерде жұмыс істемеген. Жақын адамдар қайғылы оқиғаның себебі қызғаныш екенін айтады.
"Ол әйелін қызғанып тіпті үйіне камера қойған. Кейін оны әр минут сайын бақылап отырған. Ол тіпті Аленаның анасын да мазақ етіп, тепкілеп жедел жәрдем шақыртқан”,- деді туысы Татьяна Негрей.
Туыстарының айтуынша, бейсенбіде әкесі балаларды емханаға апаратынын айтып, үйден алып кеткен. Ал іс жүзінде жалға алынған тұрғын үйге апарған. Дәл сол жерде оқушылардың денелері табылды.
Болған оқиғаны полицейлер анықтауда.
“Осы факт бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 3-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ер адам 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті қазір ауруханада полицейлердің бақылауында.