Kyzylorda-news.kz Театр әлемі – шығармашылықтың ең биік көрінісінің бірі. Бұл өнердің өркендеуінің қайнар көзі – жас артистер мен олардың болашаққа сенімі. Антон Чехов айтқанындай, театр – бұл тірі өнер, ал жастар – оның болашағы. Бұл сөздер қазіргі уақытта да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Зарина Ерболқызы– Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тумасы. Бала күнінен-ақ Голливуд жұлдыздарын үлгі тұтып, соларға қарап, болашақта өзінің де актриса болғысы келетінін сезген сияқты. Осы арман оны Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне алып келді. 2023 жылы актерлік мамандықты аяқтап, бүгінде Қызылорда қалалық жастар театрында еңбек етіп жүр.
Зарина үшін өнер жолы – оның жанына жақын, үлкен құштарлықпен таңдаған мамандығы.
– Өнер жолын шын жүрегіммен таңдағандықтан алдымнан қандай тосқауыл кездессе де оны қиындық ретінде қабылдамаймын. Қойылымнан кейінгі көрермен қошеметі мен қолдауынан кейін барлығы ұмытылып кетеді, – дейді жас артист.
Зарина сомдаған рольдерінің барлығы жанына жақын екенін айтады. Әсіресе, зұлым адамдарды сомдағанды немесе комедия жанрындағы қойылымдарда ойнағанды ерекше ұнатады.
– Өзіме тапсырылған рольдерді табиғи болмысыммен үйлестіріп ойнаймын. Сондықтан көңілімнен шықпай қалған роль болмапты, – дейді ол.