Kyzylorda-news.kz. Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күнін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі профессор-оқытушылар мен білім алушылар думанды тоймен қарсы алды.
Ұлттық дәстүр биыл да жалғасын тауып, институттарда кафедралар арнайы мерекелік шара ұйымдастырды. Ас төресі наурыз көже таратылып, өнерлі жастар оқу ордасын әнге бөледі. Алтын күннен нұр, жерге алтын дән себілетін шақта күн шуақты болып, ел қуанышқа кенеліп, Наурыз мерекесі нағыз тойға айналды.
Мерекелік шаралар барысында айтыс ұйымдастырылып, бесікке салу, тұсау кесу рәсімдері өтті. Қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылып, сегіз қырлы, бір сырлы жастар көпшілікті қайран қалдырды.
Айталық, бүгін «Электр энергетикасы және өміртіршілік қауіпсіздігі» кафедрасы ЭЭ-21-3 оқу тобының ұйымдастыруымен «Наурыз тойы мерекем, салт-дәстүрім берекем» атты мерекелік шара өтті. Шараны топ студенттері «Қара жорға» биімен ашты.
Кеш барысында Айым есімді бүлдіршіннің тұсауын кесу құрметі Инженерлі-технологиялық институтының директоры Гүлзат Асқароваға берілді. Бөбектің алдына ырымдап қойылған заттардың ішінен қазақтың қара домбырасын таңдағаны отбасын ерекше қуантты. Сонымен қатар, домбырамен күй тартылып, жылы тілек-лебіздер айтылып, ақсақалдар ақ бата берді.
Айта кету керек, университеттің ұйымдастыруымен 22 наурыз күні орталық алаңға киіз үй тігіліп, ауқымды мерекелік шара өтеді.