Kyzylorda-news.kz. Төретам елінен шыққан тұлғаларды тізбектей түссек талайды таңдай қақтырған дарабоздар көп екені даусыз. Бастысы, сол сақа асықтай саңлақтарымыздың ізін жалғаған бүгінгі буынның олжалық қарекеті болмақ.
Бұл жерде туған жердің тарихын ту еткен, киесін жыр еткен, мәдениеттің мәртебесін асырып отырған біршама мақтаныштарымыз Төретам кенттік клуб үйінде топтасқан. Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.
Мәдениет үйі – өнер мен еңбектің үлгісі. Төретам кенттік клуб үйі 2012 жылы типтік жобада пайдалануға берілген. Клуб үйі жыл басынан бастап аймақта дәстүрлі өнер түрін насихаттау барысында түрлі бағытта іс-шаралар, кездесу кештер, байқаулар өткізу жоспарланып, кент әкімінің бекітілген жұмыс жоспарымен жұмыс атқаруда. Мәдени шаралар кент клуб үйінің фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілеріне жарияланып отырады.
Ақмарал Кішкентаева басқаратын бұл ұжымда 12 штаттық бірлікпен 13 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде мамандар саны – 4. Жалпы клуб үйі сахналық киіммен, музыкалық аппаратурамен, жиһаздар, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Клуб үйіне басшылық етіп отырған Ақмарал Бақбергенқызы білікті маман. Өз ісінің шебері. Ол 2008-2014 жылдары аудандық мәдениет үйінің әдіскері, одан соң аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері, сондай режиссері, сондай-ақ 2018 ақ 2018-2021 жылда 2021 жылдары аталған мәдени ошақтың әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып келсе, 2018-2020 жылдары қосымша «Қармақшы жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметін де біркісідей көтере білді. Өткен жылдан бастап Төретам кенттік клуб үйінің директоры қызметіне тағайындалған. Ол басшылық етіп отырған рухани өнер ордасы қызметкерлерінің ауызбіршілігі мол, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Клуб үйінің сүйемелдеушілері Мұхит Темірханов пен Рауан Ысқақов аймақтық, аудандық, облыстық ән байқауларының жүлдегерлері. Ал клуб үйінің әдіскері Гүлнұр Қайнарбаева Төретамда туып, туған жердің қадір-қасиетіне қанық, жастайынан ақындығымен көзге түскен өнерпаз. Одан бөлек білім, жастар саясатын қолдау және қоғамдық жұмыстарда да белсенді.
Әрбір үйірменің жыл көлеміне жасаған жұмыс жоспары бар. Сол жоспарға сай үйірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады. Осындай тиянақты жұмыстардың нәтижесінде жыл көлемінде ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға балаларды қатыстыру үнемі назарда ұсталады.Клуб үйінде 5 үйірме жұмысы жүргізеді. Үйірмеге тартылған жалпы мүше саны – 61. Әр бір үйірменің жыл көлеміне жасалған жұмыс жоспары бар. Сол жоспарға сай айға, аптаға үйірме жұмыстары жүргізіліп отырады.
Үйірме жұмыстарының жүргізілу нәтижесінде жыл көлемінде ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға қатыстырылу үшін үнемі ізденісте болады. Ән үйірмесінде – 15, домбыра үйірмесінде –15, «Мөлдір өнер» актерлік шеберлік үйірмесінде – 6, би үйірмесінде – 15, «Жас қалам» көркемсөз оқу үйірмесінде – 10 адам тартылған.
Төретам кенттік клуб үйінің өнерпаздары өткен жылы 15 кент өнерпаздары арасында байқау, 9 аудандық, 9 облыстық, 1 республикалық байқауларға қатысқан. Ал биылғы жылы балалар шығармашылығын дамыту мақсатында өткізілетін дәстүрлі «Бозторғай» байқауының аудандық іріктеу кезеңіне қатысып, облыстық кезеңге «Айназым» би ансамблі – хореография жанры бойынша, Айбибі Рамазан– вокал жанры бойынша, Арсен Тлекешов – көркемсөз оқу жанры және «Желдірме» ансамблі – аспапта ойнау жанры бойынша жолдама алды. «Көркем сөз» жанры бойынша Аяулым Тельжан облысқа жолдама алды. Сонымен қатар «Аспапта орындау» жанры бойынша Ислам Бақытбергенов мен Абзал Асылбекұлы облысқа жолдама алды. «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілі білімінің атасы» атты аудандық көркемсөз оқу байқауынан А.Тұрсынбекова ІІІ орын, А.Есманбетова «Тіл жанашыры» номинациясын иеленді. «Атадан қалған өсиет» атты аудандық ардагерлер арасында сайыс ұйымдастырылып, ардагер Аралбаев Сұмағұл атамыз жүлдегер атанды. Жаңажол ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен өткен арулар байқауында Назерке Төлебаева қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
«Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған байқаудың облыстық кезеңінен «Гаухартас» би тобы ІІІ орынға ие болды. Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына аранлаған «Замана заңғары – Ғани» атты облыстық әншілер байқауында клуб үйінің сүйемелдеушісі Мұхит Темирханов «Жігерлі ән» номинациясымен марапатталды. Облыстық қылқалам шеберлерінің фестивалінде Нәби Мақсат ІІІ орын иемденді. «Абдолла Мырзабеков» атындығы облыстық байқау А.Тоқбергенов ІІІ орынды еншіледі. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде төретамдық Бердібаевтар отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясымен марапатталды. «Бал-бала» балалар конкурсына «Гаухартас» бөбекжай бақшасы қатысып, ІІІ орынды иеленді.
Республикалық «Күз береке» атты байқауға «Ән салу» номинациясы бойынша Айжан Қожахметова қатысып, І орынды иеленсе, «Аспапта ойнау» жанрынан қатысқан Бейбарыс Жұбатханов ІІІ орынды иеленді. Балалар жылын атап өту мақсатында аймақтық «Еркетай» балалар шығармашылығына арналған 3-6 жас аралығында өнер фестивалі ұйымдастырылды.Шараға аймақтық балабақша бүлдіршіндері қатысты.Фестиваль вокал, хореография, көркемсөз оқу, сурет салу жанрлары бойынша өнер көрсетті.Шара соңында жас таланттарға сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Қазақтың батыр қыздарының бірі әнші Роза Бағланованың мерей тойы аясында 2022 жылдың 25 қаңтар күні әншінің өмірбаяны мен шығармашылығына арналған бейнеролик тарту етілді. Әнші Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл толуына арналған «Жарқын бейне» өмірі мен шығармашылығына арналған бейнесюжет ұсынылды. «Би падишасы» тақырыбында Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына орай «Ай-Назым» би үйірмесінң мүшелерімен танымдық сағат өткізілді. Шарада бишінің өмірі мен шығармашылығы туралы мағұлмат беріліп, бишінің авторлық би қимылдарымен танысты.
Биылғы жылы да клуб үйінде көптеген мәдени шаралар өтіп, елдің алғысына кенелуде. Айталық 2023 жылдың 3 айында барлығы – 23 мәдени шара өткізілді. Онлайн –7, офлайн – 16. Онлайн шаралардың қаралым саны – 1250. Офлайн шаралардың көрермен саны –1400.Төретам кенттік клуб үйінің өнерпаздары 3 айда балалар шығармашылығын дамыту мақсатында өткізілетін дәстүрлі «Бозторғай» байқауының аудандық іріктеу кезеңіне қатысып, облыстық кезеңге «Айназым» би ансамблі – хореография жанры бойынша, Рамазан Айбибі – вокал жанры бойынша, Тлекешов Арсен – көркемсөз оқу жанры және «Желдірме» ансамблі – аспапта ойнау жанры бойынша жолдама алды.
Клуб үйінің ұйымдастыруымен өткен мәдени іс-шараларға келсек, 26 қаңтарда Төретам кенттік клуб үйінде Қармақшы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Жыр күмбезі»тақырыбымен жыраулармен сұхбат-концерті ұйымдастырылды. Шараға ауданымыздың атын шығарып жүрген белгілі жыраулап шақырылып, кеш әсерлі өтті. Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Поэзия түні» әдеби-сазды кеші ұйымдастырылды. Лирикалық кешке өңіріміздің поэзия сүйген тұрғындары қатысып, әсерлі кештің куәсі болды. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай «Отты жылдар тарихы сыр шертеді» атты кеш өткізілді. 1 наурыз – «Алғыс айту» күніне орай «Алғысым шексіз» видео-челенджі көрермен назарына ұсынылды. Челленджге клуб үйінің өнерпаздары және Төретам кенті, Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылдық округінде тұратын өзге ұлт өкілдері атсалысты. Сондай-ақ 1 наурыз – «Алғыс айту» күніне орай «Алғыс елдің бәріне» атты құттықтау марафоны жүргізілді. Шарада клуб үйінің қызметкерлері, кент өнерпаздары өңірдегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызметкерлерді құттықтап, арнайы әзірленген алғыс хаттарын табыстады. 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Аналар – ардақтылар» атты мерекелік концерт өтті. 10 наурызда Төретам кенті, Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылдық округіндегі мектеп оқушылары арасында Жайдарман ойындары ұйымдастырылды. 15 наурыз «Көрісу күні» мерекесіне орай «Жақсылықтың бастауы» атты бейне-ролик ұсынылды. Сонымен қатар «Көрісу күні» қарсаңында кент клуб үйінің алдына «тал егу» рәсімі жүргізілді. 16 наурызда Төретам кенттік клуб үйіндегі үйірме жетекшілері арасында «Жеті атамызды білеміз бе?» атты кездесу өткізілді. Төретам кенттік клуб үйінің жастары тарихқа тағзым күніне орай кентіміздің орталық алаңындағы «Жанқожа батыр» ескерткішінің алаңына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Наурыз мерекесі қарсаңында халқымыздың біртуар ұлы Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған «Зияткерлік күні» атты кездесу өткізілді. Шараға Төретам кентінің өнерпаздары, кент кітапханасының оқырмандары мен Ақай ауылдық клуб үйінің мамандары қатысты. Наурыз мерекесі қарсаңында «Шеберлік пен шымырлық күні» аталып өтті. Шарада кент өнерпаздары концерт қойып, жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай «Армысың,әз Наурыз»атты мерекелік бағдарлама кент алаңында өткізілді.Шараға кент әкімі құттықтау сөз сөйлеп, құрметті қонақтар жылы лебіздерін білдіріп,ұлттық ойындар мен киіз үйлер арасында байқау өткізілді. Мерекелік көңіл күймен кент тұрғындары серуен құрды.
– Мұның бәрі ел мәдениетінің мәртебесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан үлкен шығармашылық еңбектердің бір парасы ғана. Рухани жаңғыру жолындағы болашақ бағдары айқын, мемлекет қолдауына ие бірден-бір тіректі кіндік жердің төсіндегі Төретам елінің жарқын жаңалықтары мен қолға алған игі бастамалары алдағы уақытта да осылайша өз жалғасын таба береді, – дейді клуб үйінің директоры Ақмарал Бақбергенқызы.