Kyzylorda-news.kz   Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде 1971-1972 оқу жылында өнер мектебі ашылып, қазіргі уақытқа дейін жас өнерпаздарды өнерге баулып келеді. Қазіргі таңда өнер мектебінде 345 оқушы бар. Оларға 31 мұғалім домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, фортепиано, скрипка, хореография, вокал, труба – барлығы 9 мамандық бойынша сабақ беруде. Ұстаздардың 4-і педегог-зерттеуші, 2-і педагог-сарапшы, 10-ы педагог-модератор, біреуі - І санатты, үшеуі – ІІ санатты, 11 – педагог санатында жұмыс жасайды. Оқушылардың 124-і домбыра, 22-і қобыз, 52-і баян, 9-ы дәстүрлі ән, 10-ы фортепиано, 11-і скрипка, 110-ы хореография, 1-і труба, 6-ы вокал мамандықтарында білім алуды.

Өнер мектебінде білім сапасын заман талабына сай ұйымдастыру басты міндет. Осы бағытта оқушылардың үлгерімінің сапасын арттыру, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау, оқушылардың түрлі өнер сайыстарына кеңінен қатысып, жүлделі орындарға ие болу жұмыстары жалғасуда.

– Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында ұсатаздарға арналған біліктілікті арттыру курстары мен түрлі семинарлар, тәжірибе алмасу алаңдарына қатысу жоспарлы түрде жүзеге асырылмақ. 2024-2025 оқу жылында Сырдария өнер мектебінің 12 ұстазы біліктілік арттыру курсына қатысады. Біліктілік санатын алу үшін 13 ұстаз аттестациядан өтеді. Озық тәжірибе жұмысын анықтап, ұстаздардың сабақ беру шеберлігін арттыру мақсатында әрбір сынып жетекшісі жылына 2 рет ашық сабақ өткізіп, оған барынша ұстаздарды көптеп қатыстыру жоспарлануда. Оның ішінде жас мамандардың үлесі басым болады, – дейді өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас.

Мектепте оқушылар ансамбілі, оқушылар қоры, "Тұмар", "Айтұмар", "Назкерім" бишілер тобы, қобызшылар ансамбілі, скрипкашылар ансамбілі, вокальдық топ жұмыс жасауда.

Оқушылар мен ұстаздардың сахна мәдениетін дамыту, орындаушылық шеберліктерін дамыту, аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мақсатында өнерпаздар ауданда өтетін мәдени іс-шараларға қатысады.

Алдағы уақытта, 2024-2025 оқу жылында республикалық жас музыканттар байқауы халық аспаптары арасында өткізіледі. Аталған байқауға мектеп оқушыларын, оның ішінде домбыра, қобыз, баян аспаптары бойынша қатыстырып, жүлделі орындарды жеңіп алу жоспарлануда. Домбыра, қобыз, баян бойынша аудандық кезеңге 20 бала, облыстық кезеңге 10 бала, республикалық кезеңге 4 бала қатыстыру бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жыл сайын өткізілетін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №514 бұйрығымен бекітілген жас музыканттар байқауы, "Ақ шағала" бишілер байқауы, "Ақберен" балалар шығармашылығының фестиваль байқауына қатысу үшін оқушылар дайындығы жалғастырылатынын атап өтті мектеп директоры.

– Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, ата-ана мен балалардың сұранысын қанағаттандыру, оларға кәсіби білім беру өнер мектебі ұстаздарының басты міндеті. Балаларға ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды үйрету арқылы оларды Отан сүйгіштікке, еңбекқорлыққа, адамгершілікке, ізденімпаздыққа тәрбиелеу үшін ұстаздар қауымы жұмыла жұмыс жасай беретін болады, – дейді мектеп басшысы Марат Сансызбайұлы.

Тағы да оқыңыз: