Kyzylorda-news.kz Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері көрнекті суретші Қайырбай Зәкірұлының туғанына 75 жыл толуына және шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Мәдени шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ҚР Көркем академиясының 15 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатыр. Көрмеге автордың жеке жинағынан алынған 30-ға жуық туынды қойылған. Салтанатты іс-шараға Сыр елінен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бастаған арнайы делегация қатысып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, өнер иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

“Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен және шығармашылығыңыздың 50 жылдығымен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз еліміздің бейнелеу өнерінің дамуына зор үлесін қосып жүрген өз ісінің майталман шебері, график суретші, лирик ақын ретінде халқыңыз құрметтеп, бағалайды.
Өзіндік өнеріңіз интеллектуалды-философиялық көп қырлылығымен ерекшеленіп, ежелгі салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен сабақтасып, уақытпен үндеседі.
Қаламыңыздан туған дүниелер елімізде ғана емес, АҚШ, Франция, Португалия, Қытай, Жапония, Марокко, Йемен секілді шет мемлекеттердің өнер мұражайларында, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің қорында қойылып, шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақталған.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмеңіздің ашылуымен құттықтай отырып, деніңізге саулық, ұзақ өмір, отбасыңызға амандық тілеймін.
Шығармашылық шабытыңыз шарықтай берсін!
Тойыңыз тойға ұлассын!”, – делінген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауында.

Қайырбай Зәкірұлы – әйгілі қазақстандық суретші, график, Қазақстан бейнелеу өнеріне 1970 жылдары келген көрнекті тұлға. Ол көпшілікке «Ұлбаланың бақыты», «Теңіз туралы толғау», «Базар жырау» топтамаларымен белгілі. Философиялық терең ойлайтын суретшіні әлем, адам болмысы, уақыт байланысы және ата-бабалардың рухани мұрасы тақырыптары толғандырады. 1990 жылдардан бастап суретші шығармашылығы өзгеріске ұшырап, туындыларында мифологиялық сюжеттер мен ғарыштан, бейне бір құс жолынан келгендей мистикалық бейнелер пайда болады.

«Минотаврлар марафоны» – Қ.Зәкірұлының акварель туындылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда орындалған жиырмаға жуық акварель парақтары кіреді. Мұндай тақырыптың таңдалуы ең алдымен, суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының  өзіндік ерекшелігінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын ол, өз шығармаларында уақыт пен сезімнің трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика – ең алдымен ойлау, дүниетанымды көрсету тәсілі болса, онда акварель – сезімдері мен эмоционалды рефлекстерді жеткізудің құралы. Шын мәнінде автор “Күлтегін”, “Қызыл құмыра”, “Чонтваридің жұмағы”, “Толғанай”, “Қаңбақ”, “Реквием”, “Летаргия”, “Талтүс”, тағы басқа акварель жұмыстарында адам құндылығының жоғалуы сынды уақыттың қасіретін ішкі жан дүниесінен өткізе отырып, мысқылмен, сарказммен жеткізеді.

Тағы да оқыңыз: