Kyzylorda-news.kz. Сыр мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, мәдениет майталманы, әнші-ұстаз Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетова өмірден озды.

Қ. Ақдәулетова 1956 жылы 3 наурызда Сырдария ауданының Иіркөл аулында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенованың төл шәкірті.

Өмірінің соңына дейін Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы Балалар студиясының жетекшісі, Облыстық филармонияның вокал жөніндегі репетиторы болып еңбек етті. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде жұмыс жасады. Ұлағатты ұстаздың ұстаханасынан шыңдалған шәкірттер әлемнің көптеген мемлекеттерінде өткен өнер сайыстарында жүлделі орындар иеленді.

Туабітті дара дарын иесі болған Қаракөз Ақжігітқызы қазақ және шетел композиторларының классикалық әндері мен романстарын ешкімге ұқсамайтын мәнермен орындауымен ерекшеленді. Оның қайталанбас дауысы қазақ руханиятының қазынасына қымбат байлық болып қосылды.

Сыр мәдениетін ерен биікке көтеріп, еліміздің рухани жаңғыруына мол үлес қосқан қадірлі есім қызылордалықтардың әрқашан есінде болады. Киелі мекеннен шыққан мөлдір бұлақтардың көзін ашып, өнер деген айдында жүздірген аяулы ұстаздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Бақұл бол, ардақты Қаракөз Ақжігітқызы, мәңгілік мекенің жұмақтың төрінен болсын.

Тағы да оқыңыз: