Kyzylorda-news.kz. Қазалыда жыршы-термеші Әмитжан Бөріқұлақовтың 95 жылдығына орай «Жыр тербеткен жүрегін» атты облыстық жыршы-термешілер байқауының өтті. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шараға Қызылорда қаласы мен аудандардан 20 талапкер қатысты.

Облыстық байқауда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.

Жыршы-термешілер байқаудың шартына сәйкес бірінші кезеңде Әмитжан Бөріқұлақовқа арнауын арнаса, екінші кезеңде Бұхар жырау, Нұртуған жырау, Мұрын жырау, Қарасақал Ерімбет, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Байназар Өтептің термелерінен орындады.

Олардың өнерін белгілі жырау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталықтың жыраулармен жұмыс секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева бастаған, Халықаралық, Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Айбек Тәңірбергенов, Қазалы ауданының Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінің терме сыныбының оқытушысы Сандуғаш Бисенбаева қостаған жыршы-термешілер сарапқа салды.

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша Қазалы ауданының намысын қорғаған Жанболат Өмірзақ Бас жүлдені жеңіп алды. Ал жаңақорғандық Көкен Өскенбай бірінші орынға қол жеткізді.

Жүлделі екінші орындарға Сырдария ауданынан Өтеуов Алмат, Арал ауданынан Жақсан Жәнібектер табан тіресе, Арал ауданынан Еркебұлан Шынжанов, Қармақшы ауданынан Малика Алдамжарова, Руслан Өтегенов үшінші орындарға ие болды.

Тағы да оқыңыз: