Kyzylorda-news.kz Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай және Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында «Қызылорда балалар қиялында» атты сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға облыс бойынша 232 жас суретші қатысып, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қатысушылардың суретінен көрме ұйымдастырылды. 

Шарада басқарма басшысы М.Қазбекова балаларды жеңістерімен құттықтап, оларға шығармашылық сәттіліктер мен жетістіктер тіледі. 

− Бейнелеу өнерінің бәйтерегі, әйгілі кескіндемеші, қазақ сурет өнерінің бастауында болған қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің туылғанына биыл 120 жыл. Дарынды суреткер, қазақтың тұңғыш кәсіби кескіндемешінің шығармашылығы айрықша стилімен және маңызды мәселелерді қозғап, туған жерге сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. Осы ретте мерейлі мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараға қатысқан барлық жас суретшілерге алғысым шексіз. Қаламдарыңыз мұқалмасын, шығармашылық табыс тілеймін, − деді.

Жас суретшілердің жұмысын Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі – Сағымбаев Темірбек Нұрғалиұлы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы суретші Назаров Батырбек Жеңісбекұлы бағалады. Конкурс жеңімпаздарына Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, барлық қатысушылардың суреттері фотожинаққа енгізіліп, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қорында сақталады.
 

Тағы да оқыңыз: