Kyzylorda-news.kz.  **Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтің «Жүрегім-Қазақ елі» кітабының тұсауы кесіліп, *ақынның атына шығармашылық зал ашылды.***

Шарада ақын, әрі зерттеуші ғалым, аудармашы, танымал қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Шөмішбай Сариевтің шығармашылығын және ән мұрасы насихатталды.

Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, әнші, музыкалық продюсер, музыкалық педагог, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, мемлекет және қоғам қайраткері, актер, эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, қазақ театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсыновтар қатысты.

Ақын Шөмішбай Нағашыбайұлы – бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын Медаль сыйлығының,​ «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлығының, «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаттары, екі дүркін «Елім менің» атты Президент бәйгесінің бас жүлдесінің​ ​ ​ ​ (Гран при) иегері, “Халықтың сүйіктісі” ұлттық сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты. Оның алғашқы жырлары 1974 жылы абыз ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың алғы сөзімен “Қанат қақты” жыр жинағына шықты. Жинаққа тағы да басқа жас ақындардың өлеңдері енген. Ақынның шығармашылық қоржынында 300-ден астам өлеңі​ мен 32 кітабы бар. Шығармалары орыс, украина, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді, француз тілдеріне аударып жарияланған.

Ақынның лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болып, халықтың көңілінен шыққан әндері Қазақстаннан тыс жерлерде де орындалуда.Талантты ақынның сөздерінде шынайылық, тереңдік және отанға деген махаббат көпке танымал әндері: «Айналдым сенен, Атамекен-ай; «Сәлем саған туған ел»; «Домбыра»; «Ойлан балам»; «Сарыарқа»; «Дос керек»; «Анаға хат»; «Боз жорға»; «Қарағым-ай» әндерімен халық жүрегіне жетуде.

Шөмішбай Сариевтің «Жүрегім – Қазақ елі» атты жаңа жыр жинағы биыл​ «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Жинаққа ұлтымыздың тәуелсіздігін ұлықтайтын, ұрпағымызды ұлтты сүюге, ұлттық патриотизмге ұмтылдыратын дүниелері топтастырылған.

Тағы да оқыңыз: