Жыл сайын жүз шақты адам донор кезегін күте алмай көз жұмады – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Жыл сайын жүз шақты адам донор кезегін күте алмай көз жұмады

25.11.2019, 15:40

352 0

Kyzylorda-news.kz. 2017 жылы донор кезегін күткен 91 адам қайтыс болса, 2018 жылы 121 адам өмірден өткен.

Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, Қазақстанда ағза доноры тапшы.

«Бүгінде кезекте 3 128 адам тұр. Жыл сайын жүз шақты адам ота кезегіне жете алмай қайтыс болады», – деді ол трансплантология мәселелері бойынша Нұр-Сұлтанда өткен дөңгелек үстел барысында.

Бүйрек ауыстыруға 2 706 азамат өтініш білдірсе, оның 69-ы балалар. Бауырдың трансплантациясына кезекке тұрған 295 адамның ішінде алты бала бар. Өкпесін ауыстыру үшін кезекке жеті адам тұрған. Жүрек трансплантациясына кезекке тұрғандар саны 120-ға жеткен, оның 13-і балалар.

Қайтыс болған адамның ағзасын донор етіп беру бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай жән Ақмола облыстары алда. Ал оңтүстік өңірлер тұрғындары әзірге белсенділік танытып жатқан жоқ.

Әділ Жұмағалиев оның себебін діни ұстанымдармен байланыстырмайды.

«Өйткені діни ұйымдар бізді қолдайды, бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір діни ұйым қарсы шыққан емес», – деді ол.

Бүйректі алмастыру шамамен 3 миллион 200 мың теңгетұрады. Бауырды алмастыру құны 5 миллион 800 мың болса, ал жүректі алмастыру отасына 25 миллион теңге қажет. Бұл оталар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретіндіктен, ота шығынын мемлекет төлейді.

Осылайша, биыл медициналық мекемелерге 3 миллиард 202 миллионтеңге аударылған.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның мәліметінше, жыл сайын трансплантация оталарының саны азайып жатыр. Мәселен, 2017 жылы қайтыс болған донордың мүшесі 217 адамға, 2018 жылы 180 адамға трансплантацияланған. Ал тірі донордың мүшесін ауыстыру бойынша 2017 жылы 86, 2018 жылы 32 ота жасалған.

Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов алдағы уақытта емделушілер тұрғылықты жері бойынша бақылауда болатынын айтты.

«Амбулаториялық негізде емделушілер ақысыз дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап біз донор органдарын дайындауға ақы төлей бастадық. Яғни, әлеуетті донор пайда болған клиника органдардың тіршілігін қолдап, оларды алу жұмыстарын жүргізеді. Мұның ақысын да біз төлейміз», – деді ол.

Informburo.

0

Пікір қалдыру