Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылордада «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» аясында 5 нысанға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов мәлімдеді.

«Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 5 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Атап айтқанда Ақжарма елді мекеніндегі Н.Тасымова №60 көшесінде орналасқан ғимаратты медициналық базасы ретінде қайта жаңғырту, №6 облыстық олимпиадалық резевтің мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебіне қарасты футбол алаңын қайта жаңғырту, Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков көшесі № 5 мекен жайындағы филармония ғимаратына қосымша құрылысы, Жанақорған ауданының Шалхия кентіндегі 150 орынға арналған ауыл клубын салу, Қызылорда қаласы Гидроузел көшесі №21 мекен-жайынан салынатын байдарка және каноэ есу базасы құрылысы. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, құрылысты бастау үшін рұқсат хабарламалары алынды», – деді Арнұр Әлібекұлы.

Айта кетейік, жұмыспен қамту орталығына 1 нысан бойынша 35 жұмысшы алуға өтінім қалдырылып, 5 азамат жұмысқа тартылды. Ал қалған 4 нысан бойынша өтінімдер толтырылып, қазіргі таңда әңгімелесу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: