Kyzylorda-news.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таныстырған механизмге сәйкес әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын орта, шағын және микробизнес жұмыскерлеріне ғана қарастырылады.
Жұмыс беруші «Электронды үкімет» веб-порталында «Электронды өтінім» сервисі арқылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға өтініш жіберуі керек. Өтініштер негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штаб жұмыс берушіге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бөлімдері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемдер беретін жұмыскерлер тізімін жинақтайды.
Төлемдерді төтенше жағдай кезеңінде еңбекақыны сақтамай демалысқа жіберілген жұмыскерлер ала алады. Осы ретте жұмыскерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төтенше жағдай енгізгенге дейін соңғы 12 айдағы ең кемі 3 ай аударымдары болуы шарт. Жеке кәсіпкер өзінің деректерін өзі береді.
Әлеуметтік төлем мөлшері 1 жұмыскерге айына 1 ең төменгі еңбекақы немесе 42,5 мың теңгені құрайды.
Жұмыстан босатылған жұмыскерлер әлеуметтік төлемдерді жұмысты жоғалтуға қарай 1 айдан 6 айға дейін алады. Төлемдер мөлшері жұмыс ету өтілі және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысуы және соңғы 24 айдағы табысына қарай анықталатын болады. Ол үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеу және жұмысты жоғалтуға байланысты әлеуметтік төлемді тағайындауға бір өтініш жазу керек.
Әлеуметтік төлемді алу туралы толығырақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Call-орталығы арқылы білуге болады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 23 наурызда сөйлеген сөзінде төтенше жағдай кезеңінде төтенше жағдайды енгізуге байлансты табыстан айырылған азаматтарға айсайынғы төлемдер кепілдендірілгенін айтты. Төлемдердің мөлшері 42,5 мың теңгені құрайды, бұл ең төменгі еңбекақы мөлшеріне тең. Мұндай қолдауды дағдарыс кезінде ең кемі 1,5 млн қазақстандық ала алады.
«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер арасында кадрларды босатуға қатысты сауалнама жүргізді. Сіздер берген деректер проблемаларды егжей-тегжейлі зертетуге мүмкіндік береді, демек, бөлінетін қаражат егер кәсіпорныңыз төтенше жағдай кезінде зардап шексе қызметкерлерге де беріледі.