Жұмадағы жеңілдік: Сауда жасау тиімді ме? – Kyzylorda News
Басты бет

Жұмадағы жеңілдік: Сауда жасау тиімді ме?

28.11.2019, 16:30

559 0

Kyzylorda-news.kz. Алдағы жұма күні барлық сауда орнында жеңілдік жарияланады. Әлемдік терминді қазақшаға тікелей аударатын болсақ, «қара жұма» күні деуге болады. Үй жиһаздары, тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, азық-түлік – барлығының саудасы қызады. Бұл күні саудагерлер де айласын асырып қалуы ықтимал.

Тауар бағасы тым арзан болса, ол оның жасанды (подделка) немесе сапасыз екенінен хабар береді. Олай емес екеніне көз жеткізу үшін сатушыдан тауардың сертификатын не басқа да растайтын құжаттарын сұраңыз. Мәселен тауар тұтынушы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?!

Жеңілдік күнінен бұрын сауда орындарына арнайы барып, қызықтырған тауарлардың бағасын бақылап келуіңізге болады. Болмаса сатушыдан тауар науқанға ұсынылмай тұрып бағасы қандай болғанын сұраңыз. Тауарды жеңілдік күнінің алдында әдейі қымбаттатып, соңында жеңілдік бағасымен деп өз бағасымен, тіпті одан да қымбат бағамен қоюы ғажап емес.

Осы жеңілдік уақытында ұры-қарылардың да жұмысы «қыза түседі». Олар саудагерлермен келісіп алып, сіздің банк картаңыздың нөмірін ауызша айтуын сұрауы да мүмкін, ал құпия сөзіңізді терген кезде аңдып тұрып біліп алу қиын іс емес. Мұндай күні аса сақтықпен сауда жасаған абзал.

Сонымен қатар мамандар жеткізу қызметінің құнына да мән беру керек екенін ескертеді. Дәл осы күні тауар бағасына біраз жеңілдік жасалғанымен, жеткізу қызметінің бағасы арқылы сол ақшаны өндіріп алуы мүмкін.

Жұмадағы жеңілдікте кәсіпкерлер тұтынушысын қуантудан бұрын өз пайдасын көбірек ойлайды. Олардың басты мақсаты – көп тауар өткізу. Мысалы «Екеуін біреуінің бағасына алыңыз» не «біреуін алсаңыз, екіншісі тегін» деген секілді жарнамалар адам өзі ойлағаннан көп тауарды сатып алғызуға бағытталған.

Жеңілдікке қызыққан пенделер өзіне қажетсіз заттарды да қалай алып қойғанын байқамай қалады. Жеңілдік кезінде артық шығындалмау үшін сауда орнына бара алдында өзіңізге не қажет екенін нақтылап, анықтап алыңыз. Тізім жасап, сол тізімнің шекарасынан шықпауға тырысыңыз.

Жеңілдік кезінде сатып алған тауарлардың чегін жоғалтпаңыз. Кейін қайтару туралы ойлансаңыз, оны дүкенге қайтаруға мүмкіндігіңіз болады. Бағасы арзан деп көп тауар алып қойсаңыз, чек те көбейіп кетеді, кейін қайсысы қажет емес екеніне көз жеткізгенде сан соғып қалмау үшін мұндай қателік жібермеңіз.

Сапырылысқан адамдар арасында әрі төмен бағаларға шаттанған сезіммен жүріп тауардың өлшеміне, жарамдылық мерзіміне көңіл аудармай қалуымыз мүмкін. Үйге келгеннен кейін өкініп отырудың тағы бір себебі осы.

Өзгелердің сөзіне ермеңіз. Қоғамдық көлікке мінсеңіз де, жұмысқа барсаңыз да, қонақ шақырсаңыз да бәрінің айтатыны бір тақырып болуы мүмкін. Қай жерде қандай жеңілдік болып жатқаны, қандай арзан бағаға қандай тауар алғаны… Осы сөздерге елтіп, мен де бір нәрсе алып қалайын деген шешім шығармаңыз. Алатын тауарыңыз сізге кейін қуаныш сыйламаса, қалтаңыз жұқарып қалғаннан өзге пайда таппайсыз.

Massaget.kz

0

Пікір қалдыру