Kyzylorda-news.kz. Биыл Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінің 5 учаскесі жөнделеді. Қазір соның үшеуінде жөндеу жұмыстары басталды. Қалған 2 учаскідегі гидротехникалық құрылғаны 2-3 ай көлемінде аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев мәлімдеді.

Ақпан айының 26-ынан бастап, Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі біртіндеп азайып келеді. Бүгінде секундына 200 текше метрді құраса, оның 100 текше метрін Көксарай су реттегіші алып отыр. Қазір дариядағы мұздың қалыңдағы Шиеліде 10-15 см, ал Қазалыда 18-40 см шамасында.

«Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзенінде мұз жүру процесі әлі жүріп жатыр. Қазір мұз Шиелі ауданындағы Қызылқайың елді мекенінің тұсында. Мұз қаланың тұсына 15-20 наурызда келуі мүмкін деп болжап отырмыз. Жалпы, су басу қауіпін сейілту мақсатында Қазалыдағы Ақлақ су торабын ашып қойдық. Сондай-ақ, сеңді тоқтатпау үшін мұзды жару мәселесі бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Егер Қызылорда қаласын су басу қаупі төне қалса, Қараөзек арнасына 150-200 текше метр су тастауға дайынбыз. Бүгінде мониторинг күнделікті жасалынып, тиісті мекемелерге жолданып отыр. Әзірге өңірде су басу қауіпі жоқ, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

«Бүгінде апатты жағдайды болдырмау мақсатында жұмыстар істеліп, дайындық пысықталды. Мәселен, су тасқыны мен жаздағы вегетациялық кезеңді ескере отырып, Шардара мен Көксарайға егінге қажетті 1 млрд текше метр суды жинап алып отырмыз. Көксарайдың негізгі сыйымдылығы 2 млрд текше метр. Егер қардың еруі мен жауын-шашын есебінен су көбейіп, елді мекендерге қауіп төндірсе, осы су торабына жинайтын боламыз», – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Айта кетейік, 4-5 наурыз күндері «Көктем-2021» республикалық командалық штаб оқуы өткзіледі.

«Көктем-2021» оқуына 18 құрылым, 227 жеке құрам, 56 техника қатысады. Оған облыс бойынша азаматтық қорғаудың 15 қызметінен оқу жаттығуға дайындық актісі алынған», – деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев.

Жалпы, облыста 156 мыңға жуық адамды көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау және 101 қабылдау пункті дайындалған.

Тағы да оқыңыз: