Kyzylorda-news.kz. Жөтелдің құрғақ, көк және аллергиялық түрлері болса, оны емдеудің тәсілі көп. Емханаға барып, екпе салдырудан бұрын үй жағдайында да жөтелден жазылуға болады.

Жөтелді үй жағдайында емдеудің ең тиімді 5 тәсілі:

1. Сүт пен бал. Қатты ысымаған сүтке бал қосып ішу жұтқыншақты жұмсартып, жағымды әсер береді. Мұны мүмкіндігінше ұйықтар алдында ішкен дұрыс. Сонда тамақ жыбырлағанын азайтып, тыныш демалуға мүмкіндік береді. Ол үшін бір кесе немесе бір стакан сүтке 1-2 қасық бал, сосын саусақ ұшымен кішкене ас содасын қосу қажет. Мұны түсте және кешке қабылдау жөтелді босатып, қақырықты түсіріп, организмдегі зиянды заттардың сыртқа шығуына әсер етеді.

2. Көкөністі қолдану. Жөтелді қойдырудың тағы бір әдісі – көкөністерді пайдалану. Ол үшін 1 картоп, 1 алма және 1 пиязды суға салып, қайнату қажет. Бұл ретте картоп пен алманы сол күйінде, ал пиязды аршып салған дұрыс. Сонымен қатар, отты баяу қоюды да ескерген жөн. Екі мәрте қайнатып, суы біраз сарқылғанда оттан аласыз. Дайын болған сұйықтықтан күніне бір шай қасықтан 3-4 рет ұрттап отырсаңыз, жөтелді қойдырады.

3. Құйрық май. Қойдың құйрық майын ерітіп пайдалану жөтелге дауа. Ол үшін құйрық майды ысытып, онымен алқым, арқа және екі табанды сылап шығу керек. Сылаған соң мейлінше қымтанып, қалың жамылып демалған дұрыс. Жылы күйінде майдан бір қасық ұрттау да жөтелді кетіруді жылдамдатады. Біраздан соң денеңіз жіпсіп, терлей бастайды. Себебі, құйрық май ішке барған соң қолқаны жібітіп, жанды қинаған жөтел қақырыққа айналады.

4. Бумен емдеу. Жөтел енді басталып келе жатқан кезде дәрігерлер ингаляция жасауды ұсынады. Егер мұндай аппарат болмаған жағдайда қолда бар заттарды да кәдеге жаратуға болады. Мәселен, асүй ыдысына (тостаған не шұңғыл тәрелке) ыстық су құйып, соған қарай еңкейіп, басыңызды сүлгімен қымтап алу керек. Бірнеше рет бумен демалу – жөтелді бусандырады. Егер ингалятор аппараты болса, бұл процесс жеңілдей түседі.

5. Ірі қара бұрыш. Кәдімгі ұсақ емес, ірі, домалақ пішінді қара бұрыштар жөтелді қойдыруға таптырмас ем. Оның 2-3 данасын ауызға салып шайнау керек. Егер үш күн қатарынан үзбей, күн сайын бір мәртеден қолдансаңыз, жөтеліңіз қайта бастайды. Қара бұрыш кеңірдекті емдеп, тыныс жолдарын ашып, жөтелуге мәжбүр етіп тұрған бактерияларды жояды. Сондай-ақ, қара бұрышты қайнаған сүтке араластырып ішуге де болады.

Informburo.kz

Тағы да оқыңыз: