*Kyzylorda-news.kz. Оқу-жаттығу 21-22 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Оған шет мемлекеттердің Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері де қатыстырулуда. Атап айтқанда Қырғыстан Републикасынан 14, Өзбекстан Республикасынан 13, АҚШ-тан 3 өкіл арнайы келген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров халықаралық оқу-жаттығу жиыны туралы ақпаратпен бөлісті.*

Оқу-жаттығу Алматы облысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарды ұйымдастыру тақырыбымен азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштер мен құралдарын дайындау мақсатында өткізілуде.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі, Көкөзек елді мекенінде жойқын жер сілкінісі зардаптарын жоюға Қызылорда облысы азаматтық қорғау қызметтерінен барлығы 67 құрылым, 1494 жеке құрам және 471 техника жоғары дайындыққа жіберілген.

Авариялық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін төтенше жағдай орын алған аумаққа 1 – эшелонмен Қызылода облысының азаматтық қорғаудың мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерінен құрылған жедел топ 36 адам, 8 бірлік техника және құтқару құрал-жабдықтары бар қалыптастырылған лектерді Полиция департаментінің арнайы көліктерімен ілесіп алып жүру арқылы жөнелтілді.

«Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 2021 жылғы 21 қыркүйекте сағ. 07.00-де Алматы облысында жойқын жер сілкінісінің қаупі бар туралы «Апат-999» дабылы түскеннен кейін облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының жедел отырысы өткізілді. Оқу жаттығудың басшысы облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет және штаб басшысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев тағайындалды», – деді Б.Ізбасаров.

Алдағы уақытта да мұнан өзге де оқу-жаттығулар өткізіледі. Ол «Қыс-2021» республикалық командалық-штабтық жаттығуы Шығыс Қазақстан облысында қараша айында өтеді деп жоспарланып отыр.

Тағы да оқыңыз: