Kyzylorda-news.kz. Баршамыз туған жеріміздің батырларын ардақтап, ұмытпауға міндеттіміз. Мен де солармен әрқашан мақтанатын ұрпақтың бірімін.

Сондай мақтануға тұрарлық батыр аталарымыздың бірі – Лесбек Бәйімбетұлы Жолдасов 1920 жылы 11-ақпанда Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылында дүниеге келген. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры.

Л. Жолжасов Екінші дүниежүзілік соғыста Қызыл тулы 316-атқыштар дивизиясы құрамында Сумы, Белгород, Орел қалалары маңында, Дунай жағалауында болған ұрыстарға қатысқан. Дунай өзенінен өту кезіндегі ұрыста рота командирі асқан ерлік көрсетіп, жаудың 60 солдаты мен офицерін жойған.

Соғыстан кейін педагогикалық институтты бітіріп туған ауылында мектеп директоры болды. Ленин, Екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Батыр бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі, шежіре, тарих. «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат.

Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр-аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. Иә, қанқұйлы, сұрапыл соғыстың біткеніне де 75 болады.

Бірақ, Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмайтын ізін қалдырды. Жеңіс үшін төленген құнның бірі – балалық шағын соғыс өрті шарпыған балалардың көз жасы.

1995 жылы батыр атамыз жайлы ақпараттар мен естеліктерн жинақталған «Лесбек Батыр» атты кітап жарық көрді.

Бұл күнде Лесбек Жолдасов – ауылымыздың мақтанышы. Ауылға «Лесбек Батыр» атауы берілді. Мектебіміз де Лесбек Жолдасов атында. Мектеп ауласында батыр бабамыздың ескерткіші бар. Жыл сайын ақпан айының 11-жұлдызында Лесбек атамыздың туған күні мектебібімізде атап өтіледі. Ауылымыздың үлкен-кішісі жиналып, Лесбек атамызды еске алады.

Біз батыр атамыздың атын ұмытпаймыз, біз жас ұрпақ ұлықтаймыз!

Ф. Қозыбақова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, ғылыми жоба жетекшісі.

Гүлзамира Даулетияр, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Тағы да оқыңыз: