Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияны жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 116 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 116 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1407. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 760, потенциалды байланыста болғандар – 647 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 116 адам, правизорлық стационарда – 50, карантинде – 485 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 67 адам келген. Оның бесеуі – стационарда, 62 – үй жағдайындағы карантинде бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, медицина саласының мамандары коронавирустық инфекцияның жұқпалы індет екендігін бастын назарда ұстайды. Сондықтан, бәріне дайын болу керек.

«Бұл инфекцияның ағымы – толқын тәріздес. Сондықтан белгілі бір мерзім ішінде қайталануын жоққа шығармаймыз. Оның болуы мүмкін салдарына әрқашанда дайын болуға тиістіміз. Осы тұрғыда, тұрғындар тарапынан ешқандай тоқмейілсудің, босаңсудың қажеттілігі жоқ екендігін айтқым келеді. Себебі, бұл індет кез келген жерде кез келген уақытта тіркелуі мүмкін. Өздеріңіз әлемдегі оқиғаларды күнде көріп отырсыздар. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше аймақтарында қауіпті індет жұқтырған науқастар саны күрт көтеріліп отырғанын байқадыңыздар. Біздің аймағымыздың Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандарында аурушаңдық деңгейі жоғары болса, батыс аймақтағы аудандарда төмен екендігі байқалады. Бірақ, біз ауруларды дер кезінде анықтау, ерте оқшаулар жұмыстарын жасай беретін боламыз», – деді басқарма басшысы.

Спикер брифингте атап өткендей, тұрғындар тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға да, осы індетке шалдыққан науқастарға да түсіністік, төзімділік, мейірімділік таныта білулері қажет. Себебі, ешкім ауруды сұрап алмайды.

“Инфекцияға шалдыққан науқастар бұл ауруды тілеп алған жоқ. Осы науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар жан-жағына қатты қауіп төндіретін, жазылмайтын науқастар болып табылмайды. Ал, осы індетпен күресіп, алдыңғы шепте жүріп қателік жіберген мамандар – медицина, полиция, және коммуналдық сала қызметкерлері қателікті, әдейі қасақана жасап жатқан жоқ. Бұл жерде біздің барлығымызға түсіністік, бірлік, ынтымақ керек. Сонда ғана қауіпті індетті жеңе аламыз. Осы тұрғыда бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырамын”, – деді ол.

Сондай-ақ, ол өзінің әріптестері – медицина саласының мамандары қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте тұруға міндетті екендіктерін атап өтті.

“Елдің денсаулығын қорғауда, ауырған азаматарымызды бұл дерттің құрсауынан аман-есен алып-шығуда біздің миссиямыз өте жоғары. Білемін, түсінемін, қазір дәрігерлердің өздеріне де, олардың отбасыларына да үлкен қауіп төнуі мүмкін. Осы қауіпті сейілту үшін Үкімет, министрлік, жергілікті әкімдік, Деснаулық сақтау басқармасы тарапынан барлық қажетті шаралар ұйымдастырылады. Сіздерден халықтың денсаулығын қорғауда мойымай, қажымай, өз біліктіліктеріңізді көрсетіп, анттарыңызға адал болуға шақырамын. Сонда ғана жұмысымыз нәтижелі болады”, – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Айта кетейік, кеше Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 116 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 17 жағдай, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 55, Сырдарияда – 23, Арал – 4, Қазалы ауданында – 1 жағдай тіркеліп отыр.

Тағы да оқыңыз: