Kyzylorda-news.kz. Әне-міне дегенше, көктемнің алғашқы аптасы өтіп, нәзік жандардың мерекесі де келіп жетті. Жер-жаһанды жылуға бөлейтін бұл шақта әйел затының да ерекше әсерде болатыны белгілі. Бұл күні әр әйел өзінің нәзік болмыс иесі екенін сезініп, қуанышқа бөленеді. Ал қалған уақытта, қай заманда болмасын ерлермен бірге иық тіресе ел үшін, отбасы қамы үшін қызмет етіп келеді. Міне, «Әйел бір қолмен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген осыдан қалса керек.

Бүгінде Сыр өңірінде аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып, сол мезетте отбасына да мейірім шуағын төгіп жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Мереке қарсаңында Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің тілшілері Қызылорда облысындағы түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзік жандар арасында сауалнама жүргізген болатын.

1. «Әйел бақыты» дегенді қалай түсінесіз?

2. Сіздің осы саланы таңдауыңызға не себеп болды? Қызмет ете жүріп, қандай мәселенің шешілуіне ықпал еттіңіз?

3. Өміріңізде алған естен кетпейтін сыйлығыңыз?

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Мира Қазбекова:

1. «Бақыт» ұғымын әр адам әрқалай түсінері анық. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы: «Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты» деп үйретеді. Оның мәні, бақыт ұғымының әрбіріміздің дүниетанымымызда, көзқарасымызда болуында. Сол сияқты нәзік жандылардың бақыты ана болу, шаңырағын шаттыққа толтыру, болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеп өсіру болса керек.

Менің бақытым – отбасым, үлкендерім, балаларым, сенімді достарым, әріптестерім, қолдау білдіріп жүрген барша жанашырларым. Адам баласының тағдыры, бақыты өз қолында деп есептеймін.

2. Мамандығым педагог бола тұра тағдырдың жазуымен мемлекеттік қызметке келдім. Алғаш еңбек жолымды баспасөз хатшылықтан бастап, жас маман ретінде қала әкімдігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасын нығайту бағытында жұмыс жасадым. Осыдан 15 жыл бұрын ғой. Сол жылдары үлкен қолдау білдірген журналистерге, тілшілерге, редакцияларға отбасымның атынан үлкен алғысымды білдіремін.

Қазіргі таңда сол ізбен қаланың идеология саласына жетекшілік етемін. Азғантай еңбегімді бағалап, үнемі қолдау білдіріп жүретін және қашанда жас кадрларға демеу көрсетіп, жол сілтеп, тәжірибелі маман болып қалыптасуына зор ықпал етіп жүретін қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлына ерекше рақметімді айтқым келеді. Ол кісінің жұмыстағы талапшылдығына, принципшілдігіне тек нағыз мінезіне ақылы сай келетін адам ғана көнеді деп айта аламын.

Қала әкімінің қолдауымен сіздер мен сіздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесінде қалада бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әрине, істелген істің нәтижелілігі маңызды. Алайда, оның бағасын халық берсе деймін. Жұмыс барысында басымдықты халық пен билік арасындағы жақын диалог қалыптастыруға бағыттадым.

3. Сыйлықтың үлкен-кішісі жоқ. Шынайы ықыласпен, үлкен жүрекпен берілген сыйлық қашанда ыстық. Жақындарымның, үлкендерімнің берген сыйлықтарын көзімнің қарашығындай сақтап, игілігіме тұтынуға тырысамын. Ал, негізінен халықтың батасынан асқан сыйлық жоқ. Жанашырларымыз көп болғай! Әйелдер мерекесімен барша аяулы жандарды, аналарды құттықтаймын.

Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылдық округінің әкімі Әлия Нұрманова:

1. Әйел бақыты – отбасындағы жандардың бір-біріне жылы шырай танытуы. Жолдасыңның жан-жақты қолдауы, балалардың шат күлкісі. Отбасы құндылықтарының жоғары деңгейде сақталуы нағыз әйелдің бақыты деп білемін.

2. Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар. Оның бірі –өмірлік жары болса, екіншісі – мамандық. Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, ертеңгі болашағы. Осы орайда айта кеткім келетіні, менің қазіргі жұмысым қойнауы қазынаға, өрісі малға толы туған елге қалтқысыз қызмет ету. Ол менің перзенттік – парызым.

Негізгі мамандығым – мұғалім. Гендерлік саясат бойынша әкімдік қызметке келгенде әйелдердің отбасының ұйытқысы ғана емес, ел басқару ісіне араласу да қолынан келетіндігін дәлелдедім деп ойлаймын. Ауылымның көркеюіне өркендеуіне аянбай үлес қосам деп сендіремін. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп 3 көшенің асфальттануына, аяқ су мәселесін түбегейлі шешу үшін Найман Арықтың қазылуына облыстық мәслихат депутаты Р.Ысқақованың көмегімен қол жеткізгенімді ауылымның өркендеуіне кішкене болса да қосқан үлесім деп айта аламын. Жалпы, осы қызметте жүріп біраз істің оң нәтижелі аяқталуына ықпал еттім. Дегенмен оның бағасын халық бергені дұрыс.

3. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық ауыл әйелдерінің ІІ форумы аясында «Аудан немесе ауылдық округтің әкімі» номинациясы бойынша Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің қолынан Алғыс хат алдым. Бұл мен үшін үлкен сый болды.

66597 әскери бөлімінің әскери хирург-дәрігері, капитан Ақбөпе Таңатарова:

1. «Әйел отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы» дегендей, әйел бақыты дегенде отбасы есімізге түседі. Себебі, әйел үшін ең бастысы ол оның – отбасы екені анық. Менің ойымша, әрбір әйел адамның арманы – сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже болу. Отбасының тірегі ер азамат болғанымен, ондағы тыныштық сақтап, берекесін кіргізіп отыратын әйел адамға байланысты. Түздегі ер адамның отбасында ризық-несібесін арттытып, оның қызметте абыройлы болуына жәрдем беретін осы әйел адамдар. Жақындарының бақытты екенін көру нағыз – әйел бақыты деп айтуға болады.

2. Әпкем әскери салада қызмет атқарды. Сол кісіге қызыққан болуым керек, есейе келе мен де осы саланы таңдадым. Мектепті тәмамдаған соң 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Мұнда «Дарігер-хирург» мамандығы бойынша 7 жыл білім алдым. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, өзге өңірлерге жұмыс жасауға ұсыныс түсті. Бірақ мен өзімнің туған өлкемде қызмет етуді жөн көріп, Қызылорда каласына келдім. Қазіргі таңда №66597 әскери бөлімде «әскери хирург-дәрігер» болып қызмет етемін. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Әскери саланың қыр-сырын үйреніп, халыққа адал қызмет ету патриоттық сезімді одан әрі арттыратыны белгілі. Бұл салада еңбек ету мен үшін үлкен абырой.

2016 жылдан бері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып келемін. 2019 жылы Өзбекстан Республикасының Джиззак қаласында 12 мемлекеттің әскери дәрігерлері қатысқан «VI Халыкаралык әскери медициналық эстафета – 2019» сайысына қатысып жүлдели I орынға ие болдым. Бұл сайыста «Алтын жүлдегер» атандым. Бұл менің елдің үмітін ақтаған үлкен жеңісім. Алдағы уақытта да Отан алдында адал қызмет етіп, елдің дамуына үлесімді қоса беремін.

3. Ең үлкен сыйлығым Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінен алған «І дәрежелі ЕЛ ҚОРҒАНЫ” медалі. Осы салада үш жылдан аса уақыттан бері қызмет етіп жүріп, мұндай мараптқа қол жеткізу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен сый. Еңбегім мен жетістіктерімді бағалап, мені осы марапатқа лайық көрген жандарға алғыс білдіремін.

Жалғасы бар…

Сауалнама жүргізген Динара Маханова

Тағы да оқыңыз: