Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауы өз мәресіне жетті. Онда үздіктер анықталып, кәсіпкерліктің көкжиегі тағы бір мәрте бағамдалды.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы кеше Қызылордада «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауы өткізіп, үздік тауар өндірушілерді анықтады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған көрмеде 60-тан астам кәсіпкер өз өнімдерін ұсынған. Кәсіпкерлердің басын біріктірген іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, Өңірлік кеңес мүшелері, байқау сарапшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Үздік сапа иесін анықтайтын комиссия мүшелері үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. Атап айтсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша және «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша аталымдар берілді. Осы үш номинация бойынша үздік деп танылған 9 иегерлер, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы енді Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде өз өнімдерін таныстыратын болады.
Байқау нәтижесімен Қармақшы ауданына қарасты "Жаңажол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясын иеленіп, үздік деп танылды.
«Жалпы облыста 76 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 35 пайызы сауда болса, 19-ы ауыл шаруашылығы саласы, ал өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлердің үлесі 8,6 пайызды құрайды. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуы үшін қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл сайын тауар өндірушілердің саны да өнімнің сапасы да артып келеді. Өңірімізде ұйымдастырылып отырған бұл шараның мақсаты - жергілікті тауар өндірушілерді қолдау» дейді сала мамандары.
"Жаңажол" ЖШС-ның атқарған шаруасы ширақ. Оны әр уақытта ақпараттандырған сайын байқап жүрміз. Соның бірер ісіне тоқтап көрелік.
Қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпақ. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Сол шаралардың бірі ауылда тойланған болатын. Оған Дүр Оңғар ауылдық округі әкімі Ә.Қоқанов, облыстық мәслихат депутаты, «Жаңажол» ЖШС директоры О.Төлепов, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Б.Тәуекелов, аудандық мәслихат депутаты, «Жаңажол» ЖШС бас аграномы Т.Ералиевтер балалар күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірген болатын. «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Өтепұлы Төлепов биылғы жылы да 10 оқушыға сыртқы жазғы демалыс лагеріне Жолдама беріп және 25 бүлдіршінге, яғни әлеуметтік көмек берілетін балаларға ақшалай демеушілік жасады.
Сонымен қатар "Жаңажол" ЖШС-нің демеушілігімен арнайы техникамен (эксковатор) биылғы бақша егілетін аумаққа 2 км канал (жарма) қазу жұмыстары жүргізілген. Жаңа каналға дейінгі 2 км каналдың жиегі өткенде дамбаланып, биіктетіліп ойдағыдай бекітілген болатын, ендігі кезекте бақшалыққа қажетті су өз ретімен келіп жатыр. Сонымен қатар Дүр Оңғар ауылының өте өзекті екі мәселесі шешімін тапты. Олар "Таңатар" каналының және ауылға аяқ суды үздіксіз әрі уақытылы айдау үшін қажетті "Қуаңдария" өзегінің қайырлап қалған сағаларын қазу жұмыстары. "Жаңажол" ЖШС басшысы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Өтепұлы Төлепов күн-түн демей елдің батасын алуға жұмыс жасағандардың бірі болды.
Көктем басы жағымды жаңалықтармен бастау алған болатын. Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылында 5 гектар жерге жеті жарым мың түп алма ағашы отырғызылды. Оған Дүр Оңғар ауылының тұрғындары түгел қатысып, атсалысты. Жеміс ағашы Меркеден әкелінген. Арнайы маманның шақырылуымен алма ағашының отырғызу тәртібі түсіндіріліп, көрсетілді. «Ауа райы қолайсыздық тудырмаса жеміс ағашы тез бой алып, екі-үш жылда жеміс беріп қалады» деген еді Айболат есімді маман.
Ауылда таңмен таласа ерте тіршілікке қамданған ауыл жұртының қуанышында шек жоқ болатын. Жүздеріндегі жылылыққа қарап туған жерге деген шынайы жанашырлықты сезесің. Ауылдың гүлдену мен көркею жолында қашанда екі қолын жоғары көтеріп, бек тұрады. Әрі сол қасиетінен ешқашан айныған емес. Мұнда бірліктің бәсі қай кезде жоғары. Оны ауыл сыртында жиналған халықтың қарасына қарап ауызбіршілікті тағы бір байқадық. Былтыр шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов алмабаққа арнайылап жерді дайындаған-ды. Техникамен жерді жыртып, тегістеді. Жазда жаңбырдың, қыста қар суына әбден бастырды. Осылайша жеміс ағашын отырғызуға жерді баптап, күтті.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, игі іске ауыл әкімі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, шаруашылық басшысы, ауыл имамы, ардагерлер, алтын құрсақты аналар мен ауыл азаматтары ұйымшылдықпен бір мезетте 5 гектар жерге жеті жарым мың түп алма көшетін еккен болатын. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов жақсы істің бастамасына сәттілік тілесе, ауылдың еңбек анасы Бибігүл Әбішева мен алтын алқа иегері Аманкүл Бекмұрзаева көпшілікке шашу шашып, жеміс ағашын отырғызды. Алмабаққа алманың екі сұрыпынан егіліп, суғарылды. Келешекте бақтың жайқалып өсуіне өзге өңірден арнайы маман да тартылғын. Мұндағы жеміс ағаштары тамшылатып суғару әдісі арқылы жүргізіліп жатыр, алғашқы жемістер де дәмін татқызудан алыс емес.
«Алманың көшеттері Меркеден әкелінген. Ауа райы тұрақтылығына қалыптасқан. Бұлар жылы температурада көктейді. Егер аяқ астынан минус отыз градус аяз тұрып кетсе үсіп кетеді. Ал ауа температурасы біртіндеп төмендесе, оған өлмейді. Бойындағы қажетті дәрумендері біртіндеп алмасады. Алмаға берілетін дәрілер де уақытысымен жүргізіліп отырады. Мысалы кальцийді алма шыққан кезде берсе, мысты алма оянғанда береді. Әрқайсысы өз кестесімен берілу керек. Бұл отырғызылған көшеттер жақсы шығып жатса, екі-үш жылда жемісін беретін болады», – деген еді мамандар.
Алмабаққа жерді дайындау үшін де оған екі жыл уақыт жұмсалыпты. Жалпы оңтүстік аймақ, соның ішінде Сыр өңірі Аралға жақын орналасқандықтан жері тұзды сор келеді. Шаруашылық төрағасы жерді өңдеу үшін біраз күш жұмсағанын да жасырмады.
«Былтыр күн жылынғаннан жерді жыртып, суғарып бойындағы тұзын шайдық. Биыл фосфогипс тыңайтқышын сеуіп, жерді қайта жырттық. Ауылымыздың сыртында бұдан бөлек те алма бағымыз бар. Оны қарықтап суғарып отырдық. Бірақ ойымыздағыдай дұрыс өнім ала алмадық. Содан кейін үлкен бақ жасауды жоспарлап, бүгін іске асырып отырған жайымыз бар. Бұйырса тағы да мың түп алма көшетін әкелу жоспарда тұр. Еңбегіміз еш кетпей жемісін беріп жатса, ауылымызды өз өнімімізбен қамтамасыз ететін боламыз», – дейді шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов.
Дүр Оңғар ауылындағы ауыл шаруашылығының білікті маманы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов басшылық ететін «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауылдың өсіп-өркендеуіне қосып келе жатқан үлесі орасан.
Шаруашылық өткен жылдарда ауыл тұрғындарының әл¬ауқатын арттыруға, олардың заман талабына сай өмір сүруіне, туған ауылының гүлденуіне көптеген игі істер атқарып, құрметке бөленіп жүр. Атап айтар болсақ, түрлі гүлмен көркемделген ауыл орталығындағы алаң, оған қарама-қарсы орнатылған саябақ, оның ортасында орналасқан Бәйтерек пен су бұрқағы қай кезде барсаңыз да сұлулығымен көз тартады.
Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – ауылда өтіп жатқан барлық қоғамдық жұмысқа белсене араласып, тұрғындардың заман талабына сай өмір сүруіне қолдау көрсетуі. Міне осындай бірлігі мен берекесі тасыған ауылда өнегелі өмір жолымен елге танылған жандар жетерлік. Солардың бірі – Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, даңқты тракторшы Бибігүл Әбішева.
Ол 1951 жылы Төрткүл елді мекенінде дүние дидарын ашқан. Алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданында тракторшы болып бастаған Бибігүл апайымыз кейіннен отбасылық жағдайымен қазіргі Дүр Оңғар ауылына қоныс аударған. Мұнда келген соң да тракторшы болып еңбек жолын жалғастырады. 1975¬-1977 жылдар аралығында шаруашылық басшыларының қолдауымен ауылда «Шалқар» атымен құрылған жас шопандар комсомол жастар бригадасына жетекшілік етеді. Ал бұдан кейін ол трактор руліне қайта отырып, жылдар өте трактор жүргізушісі мамандығымен бірге диқаншылықты меңгеріп, 2009 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бибігүл апайымыз еңбектегі ерлігі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің және «Озат еңбегі үшін» медалімен марапатталған. КОКП-ның ХХV және Қазақстан Компартиясы ХVІ съездерінің делегаты. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сонымен қатар, Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде 2 күміс және қола медальды омырауына таққан ардақты жан.
Бибігүл Әбішева өмірлік жары, саналы өмірін ауылдағы «Жаңажол» шаруашылығында механизатор болып еңбек еткен Кариман Сыдықовпен бірге өткізіп, өнегелі ұрпақ өсірді.
Осындай ауыл ардақтысына құрмет көрсеткен «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заманауи үлгіде салынған жеті бөлмелі тұрғын үйді сыйға тарту етті.
Салтанатты шарада оған құрметті қонақ ретінде шақырылған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов, облыстық мәслихат депутаттары, ақын Шаһизада Әбдікәрімов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлепов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Содан соң жаңа тұрғын үйдің лентасын қиып, Бибігүл Әбішева апайымызға баспананың кілтін тапсырған болатын.
Іс-шарада Бибігүл Әбішева осындай игі істің басы-қасында жүріп, өзіне қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаты, «Жаңажол» серіктестігінің басшысы мен ұжымына аналық алғаусыз алғысын айтып, батасын берген еді.
Орынбасар Төлепов – «Жаңажол» ЖШС директоры. Ол серіктесті басқарған соңғы 3 жыл ішінде жыл сайын егін шаруашылығы бойынша озық технологияларды пайдалана отырып, сапалы өнім өндіруден облыс бойынша бірінші орында келеді. Күріш дақылынан басқа да әртараптандыру бағытындағы арпа, бидай, жоңышқа дақылдарынан да өнім жинауда жоғары көрсеткіште. Бүгінде соя, сорго дақылын өсіруді қолға алуда. Оның үстіне тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын зауытын іске қосып, еңбек әлеуетін арттырды. 2022 жылы негізгі дақыл күріш көлемі бойынша 3000 гектар егіп, гектарына орта есеппен 72,2 центнерден өнім жинады. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен «Парыз» республикалық байқауының нәтижесімен Орынбасар Өтепұлы басшылық ететін «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен марапатталды.
Жақында «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлеповпен әңгімелескен едік. Онда ол шаруашылықтың кезіктірген қиындықтары, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Онымен қоса сәті түскен сұқбатта сырлы әңгіменің куәсі болдық. Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Ал әрбір өткен науқанда диқаншылар қандай қиындықтармен бетпе-бет келді?
«Осы кезге дейін көрген қиындығымызды айтып жеткізудің өзі қиын. Күрішке 30-35 градус температура қолайлы. Ал жазда 50 градустан да асып кетіп жатады. Бір жағынан су жоқ, бір жағынан күннің ысуы күрішке көп кедергі келтіреді. Бірақ шүкір, қазір жақсы өнім түсіп жатыр. Ол да бір Алланың бергені шығар. Судың бойында канал жағалап, үлкен жиналыстар жасадық. Облыстың басшылары келді. Адам ашуланған кезде кейбір сөздерді артық айтып, эмоцияға берілесің ғой. Біріне тіліміз тиіп кеткен болуы керек. Оны айтайын деп айтпайсың. Бүкіл халық сол күрішке қарап отыр. Егер біз бір жыл күріш еге алмай қалсақ, еккенде де жарты күріштің өнімін алып жатсақ, еңсемізді көтере алмаймыз. Ауыл шаруашылығы деген өте қиын сала. Өнімді ала алмай қалсаң, қанша тыраштана бер оның уақыты өтіп кетеді. «Көктемнің бір күні жылға азық» дейді ғой. Бір күнді өткізіп алсаң, бітті, жоқ деп есептеуге болады. Жылда айтамыз, «биылғы жыл қиын болды» деп. Бірақ ол бұрыннан, баяғының басшыларынан бері айтылып келе жатқан нәрсе. Расымен, ол жылғыларға қарағанда соңғы жылдардың қиындығы тіпті бөлек болды. Шүкір, өзіміздің ішкі адамдарды, бригадаларды реттеу арқылы, суды тастаған каналдар, яки керек емес суды қайта айналдырып күрішке пайдаланып, біршама дұрыс бағыттарды қарастырып, таңдап отырдық. Мүмкіндігінше барлығын алып жүруге үлгереміз. Қазір депутаттардың рейтингі шығарылады. Егер жақсы жұмыс атқарсаң орын бойынша тізімде көтеріліп отырасың. Қоғамдық және тағы да басқа жұмыстарға араласуың, не дұрыс қызмет атқармауың осының барлығы таразыланып отырады. Оны өзіміздің облыс емес, басқа аймақ жасайды екен. Шаруашылықпен қоса, халықтың да мұң-мұқтажын тыңдауға әзірміз. Тарқамаған түйіннің шешілуі үшін де бір орында отырып қалмаймын. Тек шынайы ниетпен, адал жүрекпен жұмысыңды сүйіп жасасаң барлығына да үлгеруге болады. Жұмыс болған соң түрлі қиындық болады. Ал қазір жұмысың жүргеннен кейін барлығын ұмытасың. Өткенге мойын бұрмау керек. Өйткені сол қиындықтарды жеңіп, тыраштанып, талаптанып жеңіске жетіп, жемісін көріп отырмыз. Мен өзім үш бастықпен жұмыс істедім. Кәрімберді Жаханов, Болатбек Сүлейменов, Қылышбек Әбішевтермен қызметтес болып, тәжірибемді шыңдадым. 1983 жылдары әскерден келген кезім, қоғамдық жұмыстарға қатты араластық. Ауылдағы аз-кем шаруалар шықса қасымыздағы жігіттермен бірігіп қолұшын созатынбыз. Бірақ бір тиын алған жоқпыз. Мектепте 2 жыл жұмыс істедім. Одан шығып трактор айдадым. Институтқа сырттай оқуға түстім. Солай жүргенде бізді партияға шақырды. Өттік. Өз басымда да, бірге қызметтес болғандарымның басында да кезіккен қиындық аз емес. Мамандығым инженер-электрик. Сол салада жұмыс істедім. 2004 жылы бас инженер болып, 2016 жылдан бастап шаруашылық басшысы болдым. Қарап отырсам, ешкімнен ешқашан қызмет сұрамаған екенмін. Ең алғаш мектеп бітірген соң әкем механик, сол кісіге айтып, біреудің бұзылған тракторын маған алып беріңіз, соны мен жөндеп, мінемін деп сұрағаным бар. Ал одан кейінгі қызметтерді өздері беріп отырды. «Тәрбиесіз білім – ұлтқа қауіпті» деген сөз бар. Басшы болу кез келгенді жұмысқа алып, қалай болса солай мән бермей отыра беретін адам емес. Бірінші кезекте тәртіп болуы керек. Мәселен, жұмысқа тұруға ниеттілер келгенде мамандығы бойынша сұрақ қоямын. Жеңіл сауалға жауап бере алмайтыны кезігеді. Ондайда өз саласы бойынша, яки күрішші болса қырман басына, инженер болса техникасына жіберіп отырамыз. Кемі 2 жыл. Сол аралықта ол көреді, тәжірибе жинайды, тәртібі көрінеді. Егер басында қанша миы тасып тұрғанымен, тәртібі дұрыс болмаса сол білімін ол басқа жаққа жұмсауы мүмкін. Қазіргі қоғамда көріп жүрміз ғой. Бұл – жұмыстағы көріне бермейтін қиындықтар. Кезінде ІІІ Интернационалға жұмысқа шақырды. Шақырған жігіт кәріс еді. Сөйтсем ол біраз уақыт қызметке алар адамдарын зерттейтін көрінеді. Бұл Цай Ден Хактың жұмыскеріне берген тәжірибесі ғой, көрдіңіз бе? Сонда әр ауылдағы шаруашылыққа мығым жігіттерді шақырып жүр. Дегенмен мен ауылдан алшақтай алмадым, осында қалдым. Осы жер маған бұйырған шығар. Қазіргі жастардың осыдан 5-6 жыл бұрын, не одан да әрігірек қоғамға қызығушылығы болмады. Біздің кезімізде ащы су ішу деген көп еді ғой. Ал қазіргі жастар қайырымдылықпен айналысып, біреуге-біреуі көмек беруі қалыптасып келе жатыр. Мәселен, өзін-өзі асырап отырған жас кәсіпкерлер малын сойып, 10 шақты тұрмысы төмен үйге жіліктеп ет апарып қол ұшын созып жүр. Осыны көріп жүрмін. Баспана алып беру, көмек көрсету секілді қайырымдылық шараларын шаруашылық елдің атынан ұйымдастырып, жасап жүр. Соны олар да көріп, бірге көмекке атсалысуға әзір. Соған қарап артымызда жақсы ұрпақ өсіп келе жатыр деп есептеймін. Жалпы ауылдың еңбеккерлері жартылай әскери. Мәселен бір тапсырма берсең уақытынан бұрын орындалады. Бір ауданға сағат 8-де бару керек десең, олар 7-де барып тұрады. Жұмыс уақытында бір де бір адам ауыл аралап, дүкенге барып жүрмейді. Ал көше тазалығын әр тұрғын күндегі қызметіндей қабылдайды. Мұндай тәртіп бұрыннан қалыптасып келе жатқан үрдіс. Осындай дүниемен жас ұрпаққа тәрбие бере аламыз, осындай дүниені көрген жас буын соны қайталауға асығады. Осы кезге дейін қызмет атқарған әр басшының қалыптастырған өз тәртібі, еңбегі бар. Солардың барлығын бойымызға жиып, жұмысымыздың жемісін көріп жатырмыз. «Баласы жаман болса, түйенің үстінен ит қабады» деген бар. Ең бастысы – жақсы ұрпақ тәрбиелеу. Одан соң жақсы жарың болу. Ол қайда жүрсең де үйіңде отырып, түтінін түтететін, балаларыңа мейірім мен тәрбие сіңдіретін ең жақының. Өтірік айтпау. Балаларыма да соны айтамын. Басыңды кесіп алып жатса да өтірік айтпа деп. Өтірік айтқанды менің алдымдағы басшылар да жек көретін. Маған да сол қалыптасқан екен», дейді шаруашылықтың директоры Орынбасар Төлепов.
Жыл аяқталар тұста Қармақшы ауданында әр салада оза шауып, өз ісінің шеберін анықтайтын игі дәстүр қалыптасқан. Қармақшы аудандық мәдениет үйінде сан саланың үздіктері марапатталды.
Сонымен қатар сан саланың үздігін анықтайтын "Жыл үздігі – 2022" марапаты ұсынылды. Үздіктер қатарында "Жаңажол" ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов "Жылдың үздік ауыл шаруашылығы саласының қызметкері" атанған болатын.
Айта кеткен жөн, Қармақшы ауданында әртараптандыру алға басып келеді. Күріштен мол өнім жинап жүрген қармақшылық диқандар биыл да сол мақсаттан шығуды алға қойған. Қармақшы ауданының тыныс-тіршілігі де осы ауыл шаруашылығы саласына байланысты екені рас. Биыл 26 409 гектар жерге егін егуді жоспарлаған Қармақшы ауданы 13 жарым мың гектар жерге күріш егіпті. Мұнан өзге, жоңышқа, жаздық бидай, мақсары, күнбағыс, арпа, құмай сияқты дақылдарды мол тастап, әртараптандыру ісін кеңейткен. Сонымен қатар, биыл Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма көшетін отырғызып, күтімге алған. Алма бағынан бөлек, дәл осы шаруашылық екі гектар жерге жабынды астында егу әдісімен қарбыз да еккен. Қазір түйнектеуде.
Еске салайық, Қызылордада жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерінен көрме өтіп, үздіктері анықталған болатын.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, Өңірлік кеңес мүшелері, байқау сарапшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім беріп, көрмеге 64 кәсіпкер қатысты.
Байқауға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі түрде жақсарту жөнінде оң нәтижелері бар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Құрамында бизнес, мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар байқауға қатысушылардың өнімдерімен танысып, бағалау жұмыстарын жүргізді, үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде:
- «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша: әк тасын өндіретін «ОСТ - ОрдаСтройМаркет» ЖШС, дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» ЖШС, ас үйге арнадған қыш жабындар (раковина) әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкер «Nomad»;
- «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша: күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол» ЖШС, тұз өндіретін «Алтын орда» ЖШС, күрішті өсіріп, өңдеуші «Асыл дәне ЛТД» ЖШС;
- «Халық арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша: түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер «Жұмашева Индира», «Қазалы кәмпитін» өндіретін жеке кәсіпкер «Қазбергенов», кондитерлік өнімдер шығаратын жеке кәсіпкер «Тәтті әлем» жеңімпаз атанды.
Облыс әкімінің орынбасары жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен телевизордың сертификатын табыс етті.Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова өзге қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті.Сондай-ақ, көрмеде қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасында панно, сәнді қолөнер, кәде-сый, ойыншықтар, аксессуарлар жасау, «Резин арт» және барельеф техникасы арқылы эпоксидті шайырмен суреттер мен декор элементтерін салу, кенептерді, шыныаяқ ұстағыштарды, табақшаларды безендіру, былғары және поталь, аралас техникада декорация жасау,сурет салу әдісі бойынша мастер-класс ұйымдастырды.
Айта кеткен жөн, Қармақшы ауданы бойынша 4445 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 4111 немесе 92,5 процент. Былтыр осы саладағы жобаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 миллиард теңге (3,4 миллиард несие, 621,3 миллион теңге грант) берілген. Ал жыл басынан бері 184 жоба 735,8 миллион теңгеге қаржыландырылыпты.Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдірушілердің қатары да қалың. Қазір Қармақшыдағы барлық елді мекендерден несиеге өтініш беріп, кәсіп бастауға ұмтылғандардан 182 жоба іріктелген. Құны 1,2 миллиард теңгені құрайды, бұдан бөлек, Қармақшы ауданында 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 280 миллион теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, жалпы несие портфелі 2 миллиард теңге болатын жобалар әзірленбек.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес Қармақшы ауданының экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі де назардан тыс емес. Жақын арада индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биыл іске қосылмақ. Сондай-ақ Қармақшы ауданы орталығындағы «АНК-Дәулет» ЖШС арқылы газоблоктар өндіретін зауыт ашу және Төретам кентіндегі «МИР-2001» серіктестігінің бетон бұйымдарын шығаратын шағын зауытын кеңейту жобасы басталған.
Қармақшы ауданындағы сауда саласын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жосалы кентіндегі ескі базар орнына жергілікті кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын салу жоспарланған болатын. Жоба құны 150 миллион теңге. Қазір жүзеге асыру үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 50 миллион теңге несие беріліпті. Сонымен қатар, ауданға қарасты Жосалы кентінде кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша есепті кезеңде Қармақшы аудандық Кірістер басқармасына тіркелген 1855 кәсіпкердің 1719-ы жұмыс істейді. 2023 жылы мемлекеттік «Іскер», «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламалары арқылы 32 жоба қаржыландырылып, 19 жобаға қайтарымсыз грант тағайындалған. Кент бойынша 3 шағын цех ашылса, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 32 азамат несие алуға ниет білдіріп отыр.
Айтпақшы, Қармақшы ауданына қарасты Иіркөл ауылында 2019 жылы "Оспан молда" мешіті ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Оның құрылысына сол ауыл тұрғындары, ауылдан жырақта жүрген кісілер, жергілікті шаруа қожалықтар, жалпы, ауылға жанашыр азаматтардың барлығы дерлік бірігіп, ауызбіршілікпен құрылыс жұмысын ойдағыдай аяқтаған болатын. Жұма сайын мешітке келер жамағат көбейіп, одан бері мешітте азан дауысы үзілмей, жастардың діни сауатын ашудан ауыл имамы жалыққан емес. Алдағы уақытқа мешіттің асханасын салуды жоспарға қойып, биылғы жылы ақылдаса келе құрылыс жұмысы басталған екен. Әрине, тікелей ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен және жергілікті инвестор "Жаңажол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен асхананың іргетасы құйылып бітіпті. Алдағы уақытта да серіктестік директоры Орынбасар Төлепов мұндай игі шаралардың басы-қасынан табылмақ.