*Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық және өңірлік картаға екі жоба енді. Бұл туралы Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.*

Шалқия кенішінде кен байыту фабрикасы іске қосылады. Алдағы уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарына 1500-дей адам тартылады. Ал өңірлік индустриялық картаға енген жоба томат пастасын өндіру зауыты. Бүгінде 2995 гектар жер рәсімделді. Фабрика іске қосылғанда 150 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, ауданда 2021 жылы керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару цехы салынады. Цехта жылына 3 миллион дана блок шығарылады. Жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылады.

            Ауданда 589 адамға қайтарымсыз грант берілді

Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырам деген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, республикалық бюджеттен 324 миллион көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде 589 адамға қайтарымсыз грант берілді.

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы ауданға 368 млн. 250 мың теңге қаржы бөлініп, 106 адамға және «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 7 адамға және 113 кәсіпкерге несие алу үшін жолдама берілді.

79 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді

Биыл «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 79 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 330 миллион теңге қаражат бөлініп, әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 43 маманға 11 миллион теңге көлемінде бір жолғы көтерме жәрдемақы беріледі.

30-ға жуық елді мекенге су жүйесі тартылады

Биыл Жаңақорғанда Талап және Сырдария топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында 28 елді мекенде тұратын 38 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінде Көктөбе, Қандөз, Қашқанкөл, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе ауылында су жүйесі орнатылды. Қазір халық игілігін көруде. Ал қараша айында Байкенже және Билібайда ауылдарында қосылады. Темір жол бойында орналасқан Бесарық, Талап, Аққұм бекетіне және Кейден елді мекеніне су құбыры жыл соңына дейін орнатылады. Сонымен қатар, қалған тау беткейде орналасқан елді мекендер су жүйесіне 2021 жылы қосылады.

Айта кетейік, «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы шеңберінде аудан орталығында орналасқан тұрғын үйлерге су құбырын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 494,3 миллион теңге бөлініп, су жүйесі жыл соңына дейін іске қосылады.

Ауданда әлеуметтік нысандар бой көтереді

Биыл Жаңақорғанда әлеуметтік нысандардың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін бірқатар нысан бой көтеретін болады. Атап айтқанда, Келінтөбе ауылдық округінде әкімшілік ғимараты, аудан орталығынан 18 пәтерлі екі көпқабатты және 2 пәтерлі 3 бөлмелі 10 тұрғын үй, Билібай елді мекеніндегі №255 негізгі мектепке қосымша спорт зал және 20 орындық асхана, кенттен 600 орынға арналған мектеп салынады.

Сондай-ақ, Жаңарық ауылынан 250 орындыққа арналған мектептің жобасы әзірленуде.

Тағы да оқыңыз: