Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында облыстық әйелдер күші альянсының «Әйелдер – елдің көркі» атты жобасы жалғасуда. Бүгін жоба ұйымдастырушылары "Қызылорда облысының әйелдер күші альянсы" ҚБ-нің төрайымы Рахима Ахметова мен облыстық мәслихат депутаты Аида Абибулаеваны Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы қабылдап, аудан басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, гүл шоқтарын тасбыс етті. Жиында қолға алынып жатқан жаңа бастамалар жайлы ойларын ортаға салды. Қызу естеліктер айтылған басқосу жиыны әрі қарай пікір алмасулармен жалғасты.

Мақсаты – әйел адам бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деген сөздің парқын түсіндіріп, отбасы қамымен қатар әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің жұмысын насихаттау.Қоғамдағы әр салада жетістікке жеткен, іскер әйелдердің басын қосқан жиында әйелдердің қоғамдағы белсенділігін тілге тиек етіп, әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау арқылы жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеуді ортаға салды.Халқымыз «бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен» деп ананы ерекше құрмет тұтқан. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген сөзінен-ақ әйелдердің қоғамдағы рөлінің жоғары екенін аңғарасыз. Қазіргі таңда әйелдер Тәуелсіздіктің тірегіне айналды. Іскер әйелдер форумында жаңақорғандық нәзік жандылардың қоғамдағы белсенділігін білдік. 

Тамыры тереңге тартқан саялы бәйтеректей аналарымыз елдің өсіп-өркендеп, қанат жаюына қомақты үлес қосты. Мұндай көргені мен түйгені мол аналар Жаңақорғанда да көп. Ел болып қалыптасуда еңбек сіңіріп, ірі істерге араласып, кезінде түрлі саланың басшылық құрамында қызмет атқарған Хадиша Баязитова, Фатима Тілеубаева, Зоя Өрғараева, Кенжекүл Көпесова, Хатира Қасқабаева, Азия Қыстаубаева, Ғалия Тұрабаева, Айсара Нәлібаева, Айзада Сақтағанова, Зада Исаева, Зәуреш Шоманова және т.б ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі қомақты. Олардың ізбасарлары бүгінде аудан өміріне белсенді араласып жүр.Одан кейін «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Баян Егізбайқызы сөз алып:

– Республикада «Іскер әйелдер» қауымдастығының құрылғанына 27 жыл толды. Ал облыста 2018 жылдың қараша айында құрылып, кәсіпкер, меценат Манат Алмашова басшылық тізгінді алды. Әрине ұйымның аудандар мен ауылдық округтерде ашылуы заңдылық. 1997 жылдан кәсіппен айналысып келемін. Бастапқы уақытта қиыншылықтар болды. Осы кәсіпкерлік саласының арқасында бірнеше шет елдерде тәжірибе алмасып, істі дамытудың көзіне қанықтым. Солардың бірі 2012 жылы «Даму» бағдарламасымен Америка Құрама Штаттарына сегіз дәрігер бардық. Онда бізге роботпен ота жасауды көрсетті. Сондағы менің түйгенім, ешқашан бір жұмыспен шектелмей жан-жақты ізденіп, алға ұмтылу қажет, – деді.

Аудан әкімінің әйелдер ісі отбасылық гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Исаева қазақ әйелдерінің отбасы мен қызметті қатар ұстап түрлі дәрежедегі қызметтерді атқара алатынына мүмкіндік бар, бірақ ер азаматты биік ұстаған әйел жолдан жаңылмайтынын айтты.

– Ана – шаңырақтың шырақшысы, мемлекеттің тірегі. Ана – отбасының беріктігін сақтаушы, баланы тәрбиелеуші, ерлерін рухани қолдау көрсетуші, елдің дамуына мүдделі жандар. Демек, аналармен дидарласып, кеңесіп тұрғандар ұтады. Өмірде – нәзік, көңілде – биік, істе – мығым әйелдердің бизнесте де, мемлекеттік қызметте де, ағартушылық салада да өзіндік қолтаңбалары бар. Олардың белсенділігімен, жаңашылдығымен, іскерлігімен даму даңғылына түстік. Міне, сондай жауапкершілік жүгін көтеріп жүрген әйелдер аудан әкімімен болған жылы жүздесудің мәнін арттыра түсті. Талап ауылдық округінен келген батыр ана Аманкүл Жұмабекова ауданда жаңа бастамалар қолға алынып, істің сапасына көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етті. Ал, сунақаталық Шолпан Құлмұратова әйелдер қоғамның тірегі екенін, бүгінгі жетістіктерде әйелдердің үлесі мол екендігін айтты. Иә, қандайда жақсы істің артында әйелдер тұратыны ақиқат, – деді.

Айналаға бір сәт зер салып қарасақ, жылдан жылға кәсібін бастап жатқан қыз-келіншектер жетерлік. Шара соңында модератор түрлі салаға өз үлесін қосып жүрген нәзік жандылардыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, кеш қонақтарына әр бастаған қадамдарына құт, ісіне сәттілік тіледі. Расымен дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай ақ, қоғам кайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі болды. Сайып келгенде қазақы ортада қарақан басынан гөрі отбасылық мүдденің жоғары тұруы әйелдердің қоғамдықәлеуметтік белсенділігіне кедергі болған жоқ. Оны тарихта есімдері қалған Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана секілді бүтіндей бір елдің ынтымағына қызмет еткен қайраткер тұлғалар мен Қарқабат, Абақ, Қызай сияқты аналардың бір елдің ұранына айналғанынан байқауға болады. Міне, осындай аналарымыздың ізін жалғаған еліміздің бүгінгі қызкеліншектері де осы күні түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетіп келеді. Демек халқымыздың әйел адамды сұлулықтың символына балап қана қоймай, «әлемді құтқаратын» тартылыс күші бар әдемілік деп баға бергенінің өзі жай сөз емес.
Бұл жөнінде президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаевтың өзі: «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген болатын. Ендеше ел дамуындағы әйелдердің рөлі, оларды қолдау, жалпы әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыру тақырыбы талқыға түскен басқосу ауылдық жердегі аналардың да түйткілді мәселелерінің шешілуіне жол ашады деп үміттенеміз.

Аталмыш жоба ауданымыздан түрлі салада жемісті еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бір топ нәзік жандылар да қатысты. Олар жобаның басты мақсатын дәріптеуде, кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің, анасының, әжесінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беруде, қоғамда белең алған әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың, әйел құқығының тапталуының алдын алуға ықпал жасауда қандай қадамдарға бару керектігін өзара сарапқа салды. 

Сонымен қатар, ауданның бас имамы Сайдулла қажы Сүнетуллаұлы әйелдің қоғамдағы орнын шариғатпен үйлестіре қозғады. Имамның сөзінше, «Бір күні, бір адам Аллаһтың Елшісіне (с.а.с) келіп, былай деп сұрады: «Уа, Аллаһтың Елшісі (с.а.с), адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас қылуға, жақсы сөз айтуға лайықтырағы кім?» Ол кісі: «Анаң» деді, одан кейін деп сұрағанда, «Анаң» деп жауап берді, ал одан кейінше деп сұрағанда, тағы да «Анаң» деп жауап берді. Одан кейін кім деп тағы да сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с) «Әкең» деп жауап береді». Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен хадисте: «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Аллаһ оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді), делінген. Міне, осының өзі исламдағы әйелдің орнын әспеттейді. Қазақ халқы әйелге деген мұндай құрметті өмір салтында ұстанып отыр.Жылы жүздесу соңында қожакенттік зейнеткер Тұрғанкүл Шонтукова бата берді.

Тағы да оқыңыз: