Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беру жүргізілуде. Осыған орай, Ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру үшін – 5,2 млрд. теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік грантқа – 4,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев хабарлады.

«Жалпы мемлекеттік грант екі бағытта беріледі. Оның бірінші – облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін берілетін болса, екіншісі – 5 млн. теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына берілетін грант. Биыл жаңа кәсіп бастағысы келетін азаматтарға – 120 млн. теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына 70 млн. теңге бөлінетін болады. Ал жалпы бөлінген қаржының 20 пайызы халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарға беріледі», – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев.

Брифинг барысында аталған гранттың беру шарттары мен негізгі басымдық берілетін салалар тізбесі айтылды.

«Қайтарымсыз грант берудің тізбесіне сәйкес бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға байланысты шығыстарға пайдалынылады. Сондай-ақ, грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға тыйым салынған», – деді Ринат Қалдыбекұлы.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттар – салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша, кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі барларға, сондай-ақ бұрын соңды конкурсқа қатысып, грант қаржысын алғандарға берілмейді. Бұл талаптар Үкіметтің қаулысымен қабылданған арнайы қағидамен бекітілген.

Осы Қағидаға сәйкес 1 тамыздан бастап конкурстық іріктеуге құжат қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

«Құжаттар 19 тамызды қоса алғанға дейінгі мерзімде qoldau.kz платформасы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалпы, жобаларға грант қаражаттары – конкурстық іріктеу нәтижесімен беріледі. Осыған орай, жаңа бағыттарда кәсіптерін іске қосуға бет бұрған, жаңашыл өндірістерді іске қосуды көздейтін өңір кәсіпкерлерін конкурстық іріктеуге қатысуға шақырамын», – деді Ринат Сұлтангереев.

Тағы да оқыңыз: