Kyzylorda-news.kz. Онлайн несие рәсімдеді деген күдікпен Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды.

Қазіргі таңда телефон арқылы жеке деректерді біліп алып, өзге адам атынан несие рәсімдейтіндер көбейіп кетті. Тіпті смартфонды қашықтықтан басқарып, өзге біреудің банк қосымшасына дейін кіре алатын жағдайға жеткен. Осылайша, электронды цифрлы қолтаңбаны да бұзып алады екен.

Биылғы жылдың 3 айында Қызылорда облысы бойынша 64 азамат осындай алаяқтарға алданған.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудан тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында танысы ұялы телефонын сұрап алып, ақпараттық жүйе арқылы 495 000 теңге онлайн несие рәсімдеп алған.

Күдіктіні анықтау мақсатында полиция қызметкерлері қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде ауыл тұрғыны ұсталды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық)бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы азаматтарға қырағы болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін ескертеді.

Тағы да оқыңыз: