Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тозығы жеткен мектеп, мәдениет үйлері және көшелер жөнделіп жатыр.

Бұл игі іс «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асуда. Аталған жоба аймақтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізеді.

Ауылды көркейтуге арналған жоба аясында Жалағаш ауданындағы кітапхана ғимараты да қазіргі күні жаңа кейіпке енген. Келбеті адам танымастай өзгерген ғимарыттың тек сырты ғана емес, іші де жарық әрі жайлы. Оқырман мен қызметкерлер де дән риза. Ал ең бастысы, кітапты тиісті температурада сақтау мүмкіндігі туды.

«Бұрынғы келбетін айта кетсем, кітапхананың шатырлары ескірген, төбелерінен су ағып, пеш арқылы жылытылды осы уақытқа дейін. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 46 млн 681 мың теңге қаржы бөлініп, осы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», – дейді Жалағаш аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Ұлмекен Меңдібаева. 

Коворкинг орталығы, «Адалдық алаңы». Мұның бәрі кезінде тек арман еді. Ғимарат жаңарғалы жаңа идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігі туды.

Жалағаштағы 201-і мектепті сырттан келген адам су жаңа деп ойлауы ғажап емес. Алайда 30 жылдан кейін күрделі жөнделіп тұрғаны осы. Енді төбесінен су сорғаламайды, оқушылар тоңбайды.

«Мектептің жылу жүйесі, есік-терезелері, мектеп жанынан спорт алаңы және ішкі әжетханалар, барлық кабинет жаңа үлгіде жасалды», – дейді №201 мектеп директоры Талғат Садықов.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентіне республикалық және облыстық бюджет есебінен барлығы 722 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға елді мекендегі 4 әлеуметтік нысан мен 15 көшеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрді. Жалпы биыл облыс бойынша айтулы жоба арқылы 4 елді мекеннің тұрмысын жақсартуға бағытталған 57 нысан жаңғыртылады деп жоспарланған.

Тағы да оқыңыз: