Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов Жаңадария ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Аталған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық салалық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Өз кезегінде тұрғындар бірінші кезекте ауылға келетін жол мәселесінің қиындық тудыратынын, ауылдағы мектептің жөндеу жұмыстарының шешімін табуға ықпал жасауды сұрады.

Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында елді мекендегі кемшіліктерді назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді. Сонымен қатар аудан басшысы ауыл халқының сұранысына орай атқарылуға тиіс жұмыстардың реттілігін де атап өтті.

Айта кету керек, биылғы жылы «Есет батыр – Жаңадария» ауылы аралығындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының 17,1 шақырымын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді.

№203 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды.

Кездесу барысында аудан әкімі халықты жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Айдан әкімі Асқарбек Есжанов халықтың әрбір өтініші ескерусіз қалмайтынын ескертті.

Тағы да оқыңыз: