Kyzylorda-news.kz. Банктің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов зейнетақы жинағының артық сомасы есебінен Отбасы банктегі депозитті қалай толтыру керектігі, бұл ақшаны қайда жаратуға болатыны туралы толығырақ айтып берді.

Біраз бұрын хабарлағандай, қазақстандықтар 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй депозиттерін толтыра алады.

“Жақын уақытта сіздер біржолғы зейнетақы төлемдеріңізді enpf-otbasy.kz онлайн-платформасы арқылы Отбасы банктегі өз депозиттеріңізге аудара аласыздар. “Отбасы банктегі салымды толтыру” батырмасы қашан және қалай пайда болатыны туралы қосымша хабарлаймыз. Әзірше біржолғы зейнетақы төлемі есебінен толтырылған депозитті қайда жұмсауға болатыны және болмайтыны туралы айтамыз”, – деді Ақшанов “Facebook” парақшасында.

Зейнетақы жинағын Отбасы депозитіне аудару: талаптары мен ережелері

Біржолғы зейнетақы төлемі бар депозиттер үшін тұрғын үй-жинақ шоты жүйесінің стандартты талаптары қолданылады. Яғни, депозиттерге жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% көлемінде мемлекет сыйақысы қоса есептеледі (200 АЕК-тен аспайтын бір жылдағы жинақ сомасына).

Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану арқылы Отбасы банктегі депозит көмегімен 3 жыл ішінде баспана сатып алуға болады. Егер осы мерзім ішінде банк клиенттері артық жинақты кәдеге жаратпаса, онда қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Депозитті жауып, аударылған зейнетақы жинағын шешіп алуға болмайды. Шот жабылса, қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Мұндай салымды өз туыстарына тапсырған жағдайда, банк шотындағы біржолғы зейнетақы төлемі БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Депозитті бөлу кезінде тек өз жинағын, банк сыйақысын, егер депозит мерзімі 3 жылдан асса, онда мемлекет сыйақысын шешіп алуға болады. Ал біржолғы зейнетақы төлемі БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен толтырылған салымдарды біріктіруге рұқсат берілді. Бұл салымдар бір салымшыға тиесілі болса немесе салымдардың бірі біржолғы зейнетақы төлемімен толтырылған және салымдар біріктіріліп жатқан салымшыға тиесілі болса ғана орындалады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерімен толтырылған салымдарды сатуға тыйым салынады. Оларды үшінші тұлғаның депозит гранты ретінде қолдануға да болмайды.

Біржолғы зейнетақы төлемдерімен толтырылған Отбасы банкіндегі салымдар үшінші тұлғалардың талаптарынан қорғалады.

Отбасы банкіндегі депозитті қандай мақсатта қолдануға болады?

Зейнетақы жүйесіндегі артылған сомасы бар Отбасы банкіндегі депозитті мына мақсаттарға пайдалануға болады:

тұрғын үй сатып алуға, соның ішінде банктің бір қарыз келісімшарты аясында жөндеу жұмыстарын жүргізуге “Отбасы банкінен” қарыз алу;

“Отбасы банкіндегі” ипотекалық тұрғын үй кредитін қайта қаржыландыру;

жеке тұрғын үй құрылысы (соның ішінде нысаналы мақсатта жер телімін сатып алу – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық).

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану ережесі Отбасы банкіндегі салымдарды толтыру бойынша жаңа опциядан бөлек, біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен жеке жер телімін сатып алу мүмкіндігін де қарастырады.

Зейнетақы жинағын қолдану мерзімі

14 желтоқсаннан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мерзіміне өзгерістер енгізілді. Енді бұл мерзім 45 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне қысқарды.

Егер қазіргі уақытқа дейін www.enpf-otbasy.kz платформасын пайдаланушылар басқа мақсатты таңдаса, онда дәл осы платформада мақсатты оңай өзгертуге болады.

Отбасы банкіндегі депозитті қалай толтыру керек

16 желтоқсанда www.enpf-otbasy.kz сайтында “Отбасы банкіндегі саымды толтыру” батырмасы пайда болады. Жаңа опцияны қолдану үшін бірнеше әрекеетті орындау керек.

Электронды цифрлық қолтаңба арқылы www.enpf-otbasy.kz платформасына кіру керек.Жеке кабинетте ең алдымен қолданыстағы депозит пен арнайы шоттың бар екенін тексеру қажет.

Егер қолданыстағы депозит бар, ал арнайы шот жоқ болса, онда сол платформада өтінішке қол қою керек болады. Сонда жүйе автоматты түрде шот ашады.

Егер қолданыстағы депозит болмаса, онда оны алдын ала Отбасы банкте ашу керек.Осы әрекеттер орындалса, www.enpf-otbasy.kz порталында өтінім құрастырылып, БЖЗҚ-ға жіберіледі.

БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарастырады және біржолғы зейнетақы төлемдері Отбасы банкіндегі арнайы шотқа түседі. Ол жақтан қаражат депозитке аударылады.

Тағы да оқыңыз: