Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласы әкімдігінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында әдістемелік семинар өтті.
Семинарға қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары және жауапты қызметкерлер қатысты.
Іс-шараны қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жүргізіп, өз сөзінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында қалалық прокуратураның бөлім прокуроры «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ құқық қорғау саласының ардагері жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың бойында заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру мәселелеріне тоқталып, құқықтық мемлекет құру жолындағы әр азаматтың рөліне ерекше назар аударды.
Қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы өз баяндамасында «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында атқарылатын алдағы жұмыстардың негізгі бағыттары таныстырылды.
Жиын барысында қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті нығайту, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыру, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға бағыну қағидатын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Семинар қорытындысында қала әкімдігіне қарасты мекемелерде қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқыту семинарларын тұрақты түрде ұйымдастыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Аталған іс-шара қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заң талаптарын сақтау деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

