Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен Екі мәрте Социалистік Еңбек ері, күрішші Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» атты Республикалық ғылыми – танымдық онлайн конференциясы өтті.

Онлайн конференцияға, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шиелі ауданының құрметті азаматы П.Архабаев, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және Zoom платформасы арқылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА академигі Р.Алексей, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының доценті С.Өмірзақов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы И.Таутенов қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің институтының ғалымдары қатысты.

Өздеріңіз білесіздер, биыл қазақ елі үшін ерекше тарихи жыл. Қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ұлы мерекемен Ыбырай Жақаев атамыздың мерейтойы қатар келіп отыр. Дараны дәуір тудырады. Ал, сол даралықты әйгілейтін құдіретті күш-еңбектің нағыз иесі, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев.

«Әлемге Сыр күрішін әйгілеген Ыбырай Жақаев бабамыз – өз бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан, ақ күріштің атасы, Дала академигі. Диқаншылық еңбекті Сыр суын кәдеге жаратып, дарияны ырыс арнасына айналдыру мақсатында жүргізілген канал қазу жұмыстарына қатысудан бастады. Жерге деген сүйіспеншілігін қиындыққа қаймықпай, табандылық пен мұқалмас жігерлікпен,еңбек етумен танытты. Тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек. Бұл – Ыбырай атамыздың ұстанған философиясы еді. Соғыс майданында қаза болған тұңғыш ұлының кегін алудың көзі- астықтан мол өнім алумен қайтаруды алдына міндет етіп қойды. Фашистерді жеңген Ұлы Жеңіс -диқанның еңбекте де зор табысқа ие болған жылы еді. Әр гектардан 156 центнерден өнім алып, елімізде ешкім, еш уақытта алып көрмеген ғажап жетістікке жетті. Ал 1949 жылы қарауындағы 5 гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден дән жинап, дүниежүзілік рекорд жасады», – деді аудан әкімі Н.Мақұлбеков.

Конференция соңында, аудан басшысы Н.Мақұлбеков Сыр елі құт қонған, қыдыр дарыған киелі жер екенін айтып, ауданымыздан түлеп ұшқан тұлғаларымыздың есімі ел есінде мәңгі сақталатынын айтты.

Тағы да оқыңыз: