Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында ақ күріштің атасы атанған, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар басталды.

Осыған орай Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Ақ күріштен тау тұрғызған Нар тұлға» атты шара өткізілді. Оған Қызылорда облыстық өлкетану музейінің директоры Сапар Козейбаев, аудандық мәслихат хатшысы, аудан ардагерлері, Ыбырай атамыздың ізбасарлары, балалары мен бауырлары, немерелері, сондай-ақ жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың алғысөзімен басталды. Биыл ақ күріштің атасы, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жахаевтың 130 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұспа-тұс келіп отырғандығын атап өтті.

«Қазіргі және болашақ ұрпақты адалдыққа, еңбекке, патриоттыққа баулу үшін ең алдымен еңбек адамын дәріптеп, насихаттағанымыз жөн. Сондықтан еңбектің нағыз даңқты тұлғасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, егін шаруашылығының бірегей шебері, Ыбырай атамызды үлгі етіп көрсетуіміз қажет» – деді аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов.

Мұнан кейін сөз алған облыстық өлкетану музейінің директоры С.Козейбаев сөйлеп, Ыбырай Жақаевтың өмірі мен еңбегі жайлы ой бөлісіп, дәстүрге сәйкес Ыбырай Жахаевтың ұлы Жақай Сейітбек қарияның иығына шапан жапты.

Сонымен бірге данғайыр дихан Ыбырай Жахаевтың ұлы Жақай Сейітбек Ыбырайұлы, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, ардагер Пердалы Сейдахметұлы, Ыбырай Жақаевтың інісі, ауылдасы Нұрлан Махмудов жиынға келген қонақтарға құттықтау сөз арнап, естеліктерін айтты.

Бұдан бөлек, шара аясында Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіндегі атамыздың тұтынған ең құнды жәдігерлерінен көрме ұйымдастырылды.

Айтулы шара мерекелік концертпен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: