“Енемнің осы сөзі құлағымды жауыр етіп бітті…”

«Алла сақтасын, бізге ашаршылық келсе алдымен сен өлетін шығарсың. Расымен де осы бала тойғанын білмейді. Қашан қарасаң ашқарақтанып жүргені. Кішкентай кезде бала дедік. Өзі балалы болса да ашқарақтығын қоймайтын шығар» деген сөз біздің үйіміздің күнделікті 3-4 мезгіл “шырқалатын” әніне айналған. Енемнің осы сөзі құлағымды жауыр етіп бітті. Онымен нәтиже шығарып жатқан баласы жоқ. Бірақ сөзінің де жаны бар.

 Бір тал ғана қайным бар. 6-сыныпта оқиды. Күйеуім екеуінің арасы 10 жас. Қайным дастархан басына алғашқылардың бірі болып келіп, соңында кетеді. Жасы кіші болса да 2 кесе тамақ ішеді. Соңынан нанға май жағып, тосаптың да дәмін татпай тұрмайды. Одан тамақ қызғанбайсың. Тамақ жеуде әдеп сақтамайды. Аузын асқа толтырып алып, сөйлейді. Шалп-шалп еткізіп шайнап жүйкеңе тиеді. Ал бұл енемнің зығырданын қайнатып, баласына да, басқаларымызға да уын шашады.

Сондайда қайынатам:

– Қайтсін енді, уызға жарымаған соң сондай болады. Оның кінәсі не? Бала туыла салысымен-ақ «емізбеймін, сүт шықпайды» деп қашқақтап жұмысқа шығып кеткен өзіңнен көр. Балада не айып?! Сонда ата-енең де, мен де сені райыңнан қайтара алмап едік. Анамның сол кезде айтқан сөздері әлі есімде. «Уызға жарымаған баланың қарны ешқашан тоймайды. Қарны тойса да көзі тоймайды. Келін, баланы бауырыңа басып, еміреніп еміз. Сен еміреніп еркелеткен сайын сүтің бұлақтай болып ағады. Қара да тұр. Ана сүті – мың бір дертке дауа» деген сөздерге пысқырмадың да ғой. Негізінде 2 баланы да емізіп қарық қылмағансың. Алла сосын да бізге қыз бермеген болар. Егер қызың болса ана сүтін қалай сұрайтын едің?! – дейді ренжіп.

Шаңыраққа құт дарытып, береке кіргізетін ата-енеміздің ырылдасқаны біздерге де кері әсерін тигізеді. Бұл шаңыраққа келін болып түскеніме бір жылға жуықтады. Жаратушының жарылқауымен жақында өзім де тұңғыш сәбиімді дүниеге әкелмекпін. Бұл күнді қайынатам ерекше күтіп жүр. Ал енемнен ондай қуаныш сезімді байқамаймын. Болмысынан балаға суық жан ғой деп күйеуімнің жұбатқаны да бар. Жарайды, отбасындағы ұсақ-түйек кикілжің сәбиіме жасалатын күтімге еш әсер етпеуі тиіс. Сондықтан да сәбидің күтімі, емізу жайлы ақпарды түртіп алып жүремін. Ал «Уызға жарымау» деген тақырып мені қатты толғандырады. Көкейімдегі сауалдың жауабын іздеу үшін қазақтың келіндеріне құнды ақылдар айтып, кеңес беретін Зейнеп Ахметованың жазбаларына көз жүгірттім. Мұндағы мақсатым енем жіберген қателікті қайталамау. Содан «Сәбиді уызға жарытпаса не болады?» деген сұрағыма тұшымды жауап та таптым. Сіздерге де қажет болар деген оймен сол күйі жариялағанды жөн көрдім.

«…Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған…» депті Зейнеп АХМЕТОВА.

Иә, бір-екі ауыз сөзбен ана сүтінің қадір-қасиетін сипаттап беріп отыр. Уыздан, ана сүтінен құрқалған сәбидің қандай болып өсетінін байыптап жатқан боларсыздар. Сондықтан да, қадірлі жас АНАЛАР болашақ СӘБИЛЕРІҢІЗДІ бауырыңызға басып, мейірлене емізіңіздер. Тым ауыр жұмыс емес. Балаға қазір берген мейіріміңіз ертең өзіңізге еселеп қайтады.

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз: