Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтар желіде WhatsApp-тың жаңа ережелері туралы жалған ақпарат таратып жатыр, деп хабарлайды StopFake.kz.

Хабарламада “WhatsApp мессенджерінде бүкіл қоңырау жазылатыны және пайдаланушылардың жеке мәліметтері мен хаттары үшінші тұлғаларға қолжетімді болатыны” айтылған.

Алайда мұның фейк екені анықталды.

“Былтыр желтоқсанда WhatsApp деректерді өңдеудегі өзгерістер туралы мәлімдеме жасады. Бірақ онда қолданушылардың жеке ақпаратын үшінші тұлғаларға беру қарастырылмаған”, – деп жазады StopFake.kz.

Қолданушылар жаңа ережелерді қабылдауға міндеттелген еді. Әйтпесе, аккаунтты бұғаттап тастауға уәде берді.

Бұған наразы болған адамдар мессенджерді пайдаланудан жаппай бас тартты. Мұндай реакциядан кейін Facebook әкімшілігі жаңашылдықты кейінге қалдырды.

WhatsApp блогындағы ақпаратқа сәйкес, бұрын хабарланғандай, 8 ақпанда жаңа ережелермен келіспеген қолданушылардың аккаунты бұғатталмайды.

“Біз WhatsApp-тағы құпиялылық пен қауіпсіз хат алмасу қағидалары туралы қауесеттерді жоққа шығару үшін белсенді жұмыс істейміз. Содан кейін пайдаланушыларымызға біртіндеп 15 мамырға дейін жаңа саясатпен танысуды ұсынамыз”, – делінген хабарламада.

Қорыта айтқанда, үшінші тараптардың WhatsApp қолданушыларының жеке хаттарына заңды түрде қол жеткізе алатыны туралы хабарламалар – жалған, деп нақтылады портал.

Тағы да оқыңыз: