Kyzylorda-news.kz. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаев Жосалы кентінде қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға келген Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов әлеуметтік мәселемен жүгінді. Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақстандықтың өтінішін тыңдағаннан кейін, Н.Талқанбаев ардагердің өтінішіне қатысы бар құзырлы мекемелердің басшыларын қоғамдық қабылдауға шақырды. Төраға Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысымен және амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухананың бас дәрігерімен қарияның мәселесінің шешілу жолдарын жан-жақты талқылап, ардагерге өтінішіне байланысты заңды шешім қабылданатынын айтты.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының қабылдауына келген амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухананың психологы А.Нұрмағамбетова мемлекеттік қызметке орналасудың талаптары туралы толық мәлімет беруді сұрады. Департамент басшысы азамат А.Нұрмағамбетованың сауалына толыққанды мағлұмат беріп, мемлекеттік қызметші атанудың талаптарын түсіндірді.

«Өткен жылы, Кеңес төрағасы және мүшелері, облыс орталығы мен аудандарда өткен қоғамдық қабылдауларда түрлі мәселелерімен 356 азаматты қабылдады. Кеңес мүшелерінің көмегіне жүгінушілердің сауалдарына жауаптар беріліп, арыз-шағымдарына заңнамаларға сәйкес тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы уақытта Агенттіктің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің елді мекендердегі жеке қабылдаулары өз жалғасын табады», – деді Н. Талқанбаев.

Тағы да оқыңыз: