Kyzylorda-news.kz. 9 наурызда коронавирус жұқтырған адаммен бірге ұшып келген 40 адам табылып, қазіргі уақытта ҰҚК мен полиция 24 ақпан мен 13 наурыз аралығында елге келген 488 адамға іздеу салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың хабарлауынша, отандастарымыз мінген бір рейсте 73 емес, 68 жолаушы болған.

Шенеуніктің айтуынша, төрт жолаушы басқа мемлекеттерге ұшып кеткен. Қырық адам карантинге алынған. Тағы 24 адам қазіргі уақытта іздестіріліп жатыр.

Жалпы алғанда, негізгі тізімге сәйкес, Алматы қаласы бойынша 24 ақпан мен 13 наурыз аралығында шетелдерден келгендер саны 11 340 адамды құраған. Оның ішінде 10 852 азамат анықталып, қазіргі уақытта медицина мамандарының бақылауына алынған.

Әбілдаевтың мәлімдеуінше, қалғандары ертең таңертеңге дейін табылады.

«Ертеңге дейін 100 процент табамыз деп отырмыз. Сондай-ақ, тоғызыншы наурызда келген науқаспен байланыста болған он бір адам карантинге алынды», – деп түсіндірді ол.

Тағы да оқыңыз: