Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы Нұрсұлтан Мықтыбайды қабылдап, жерлестерінің ыстық ықыласын жеткізді.

Биылғы жылы бұл шара айрықша маңызға ие болып, “Үркер – 2020” сыйлығы 11 номинация бойынша табысталды. Сонымен бірге байқауда Шерхан Мұртаза атындағы жаңа номинацияда енгізіліпті. Аталған байқау жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған радио, баспа және интернет-журналистика саласының үздіктерін анықтады.

– Бүгін кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіздің құрметіне бөленіп отырсыз. Қармақшылық жерлестеріңіз өзіңізді әрқашан мақтаныш тұтады. Мектеп кезінен бастап жеткен жетістіктеріңіз бір төбе. Оқушы кезіңізден-ақ ауданның атын талай байқауларда шығардыңыз. Күні кеше ғана азуын айға білеген, есімінің өзінен ат үркетін кіл мықтылардың ғана аты аталатын Ұлттық байқауда Сыр бойының абыройын асқақтатып жеңімпаз атандыңыз. Оның үстіне, журналистика саласындағы маңызы зор бұл сыйлықты жеке журналист ретінде өңірлер арасынан тұңғыш болып өзіңіз еншілеп отырсыз. Бұл – біздің аудан үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да Сыр елінің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, үлес қоса береді деген сенімдемін. Өзіңізге мықты денсаулық, зор шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Мұса Оспанұлы.

Қаламгер қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы қызметін атқарып келеді.

Кездесуде аудан басшысы Нұрсұлтан Ертуғанұлына арнайы алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде жеңімпаз журналист жерлестерінің сый-құрметіне ризашылығын білдірді.

– Туған жердің орны мен құрметі қашан да бөлек болады екен. Он жылдан аса уақыт бойы басқа қалаларда еңбек еткен жан ретінде мен бүгін соны ұқтым. Еліміздің журналистика саласындағы ең жоғарғы марапатына үміткер болғанымда жерлестерімнің қолдауы ерекше болды. Алланың бұйыртқаны болар, сосын ата-анам, достарым мен әріптестерім, жерлестерімнің тілегінің арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Бүгін, міне, «Өзіміздің Нұрсұлтан» деп төбелеріңізге көтеріп жатырсыздар. Туған жердің құдіреті де осында. «Өзіміздің бала» деп үнемі шын жанашыр, тілекші болып отырады. Мұса Оспанұлы, өзіңіз бастаған атқамінер азаматтарға бүгін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз, – деді Н. Мықтыбай.

Ұлттық сыйлықтың жеңімпазына құрмет көрсетілген қабылдауда аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Байділдаев және Нұрсұлтанның досы, саясаттанушы, философия ғылымдарының PhD магистрі Нұршайық Әбдуәли арнайы қатысты.

Нұрсұлтан – Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің түлегі. Аудан әкімінің қабылдауынан соң ол өзі түлеп ұшқан білім ордасына арнайы барып, тәлім берген ұстаздарымен кездесіп, оларға алғысын айтты. Осы мектептің түлегі екендігін қай жерде жүрсе де ерекше мақтанышпен айта жүретінін жеткізген Нұрсұлтан оқушы кезіндегі қызықты естеліктерімен де бөлісті.

Тағы да оқыңыз: