Kyzylorda-news.kz. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жиында сөз сөйлеген мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін баса айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.

“Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек”, – деді президент.

Мемлекет басшысы қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты.

Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс деді.

“Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі”, – деді мемлекет басшысы.

Президент пікірінше, министрлер мен әкімдер “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны.

Тағы да оқыңыз: